Тағаның тарихы тереңде
Таға жасау – ежелден келе жатқан дәстүр әрі өнер. Жылқы тұяғының тозбауы және табаны таймауы үшін жасалатын бұйым– қазақ ұғымында көптеген мағынаға ие. Мұны жасаушылар да аз емес. Мәселен, Меркі ауданының тұрғыны, шабандоз әрі атбегі Жандос Шанбаев таға жасауды қолға алып, өнерге қызығушылық білдіріп, ауылдастары үшін мақтан тұтар азаматқа айналып үлгерген.
Таға жасау өнері үшінші ғасырда пайда болған деседі. Мыңдаған жылдар өтсе де таға өз пішінінен өзгерген емес. Әлем жұртшылығы да тағаны құрметтеп, тіпті ұлы сенім ретінде қолданған. Кейбір ұлттар тағаны төрге іліп қоюды табысты арттырудың, байлыққа жеткізудің жолы деп түсінсе, енді бірі тоқшылықтың белгісі деп топшылаған. Еуропа елдерінің бірнеше қаласы да таға пішініне ұқсас етіп соғылған.
Ал қазақ халқы үшін тағаның орны тым бөлек. Осыдан бірнеше жыл бұрын әрбір үй есігінің жоғарғы бөлігінен тағаның ілініп тұрғанын көп байқайтын едік. Бүгіндері бұл үрдіс кейбір ауылдық жерлерде ғана сақталған. Тағаны іліп қоюдың да өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, бақуатты бай үйлердің есігінде аңдардың басы немесе терісі ілініп тұрған. Ал егер таға ілініп тұрса ол үйден де құр шықпайтыныңыздың белгісі. Міне, осылайша таға арқылы үй жағдайының көрінісін көрсете білген.
Сонымен қатар тағаны жылқының тұяғы таймас үшін және тозбау мақсатында да қолданады. Оның екі түрі болады. Яғни, емшекті таға қыста қағылса, жалпақ таға жазда қағылады. Оның жасалу жолдары да өзгеше болып келеді. Ал таға жасаушылар ел ішінде құрметке ие болары сөзсіз. Бүгінде таға жасайтын ұсталар да аз емес. Мәселен, Меркі ауданында үлкен танымалдылыққа ие болған атбегі Жандос Шанбаев ат баптаумен қатар таға жасау өнерімен де айналысып келеді. Бала күнінен жылқыға құмар болып өскен ол жігітке жеті өнер де аз деп есептейді. Жастайынан ат үстінде жүруге әуестенген Жандос күллі жұртқа көкпаршы ретінде де таныла білген.
Кейіпкеріміздің пікірімен келіспеске болмас. Себебі ұлттық спорт ұлт болмысының айнасы екені сөзсіз. Қазақ халқы үшін қасиетті деп танылған жылқы түлігін баптау, оның күтіміне қарау да оңай шаруа емес. Осы тұста қарапайым мысалды келтіре кеткен жөн болар. Мәселен, қарапайым тағаның өзі ат баптауда үлкен рөл атқарады. Тұяқ өлшеміне қарай тағаның жасалуы, мініс түріне қарай қалың-жұқалығын назарға алу секілді мәселелер бірінші кезекте тұрады. Кейіпкеріміз бұл бағытты да қоса алып, таға жасау өнерімен айналысып келеді. Оның айтуынша тұлпарға таға қағу жылқыға деген жанашырлықтың белгісі.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ