Бюджет қаражаты тиімді игерілуде
«Ауыл- ел бесігі» жобасы 2019 жылдан бастап қолға алынып, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуға оң септігін тигізіп келеді. Биыл еліміздегі 500 ауылдық елді мекенде осы бастама шеңберінде мыңға жуық жоба іске асырылмақ.
Соның нәтижесінде ауылдардың ажары ашыла түсуде
Жарқын жоба аймақтарды дамытуға бағытталған болатын. Осы орайда әлеуметтік салада білім, денсаулық, мәдениет және спорт нысандарының, коммуналдық шаруашылық саласында сумен, жылумен, газбен және электрмен жабдықтау желілерінің құрылысын қайта жаңғырту және күрделі жөндеу, көлік инфрақұрылымы саласында ауылішілік көшелерді жарықтандыру және орташа жөндеу жұмыстарын қаржыландыру көзделген.
Өңірде 2019-2024 жылдары «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында 186 ауылдық елді мекенде 68,3 миллиард теңгеге 957 жоба қаржыландырылған. Соның нәтижесінде 37 спорттық-сауықтыру кешені бой көтерді. Сондай-ақ 17 мектепке және 3 емханаға жапсарлас ғимарат салынып, 16 денсаулық сақтау, 27 мәдениет үйінің құрылысы жүргізілді. 2 әлеуметтік нысанның ғимараты қайта жаңғырды. Сонымен қатар 3 электрмен жабдықтау, 2 көшені газға қосу, 4 ауылдың су құбырын жаңғырту, 23 білім нысанының қазандығын газға қосу жобалары іске асырылған. Бұдан бөлек, 48 білім беру, 16 денсаулық сақтау, 24 мәдениет және 7 спорт нысандары күрделі жөндеуден өтті. Сол сияқты 24 көше жарықтандырылып, 856 шақырым жол, 2 көшенің су құбыры желілері орташа жөндеуден өткізілген.
Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Жоба аясында 71 елді мекенде 111 жобаны іске асыруға 15,3 миллиард теңге бөлінген. Бөлінген қаржы есебінен 27 нысан құрылысы, 5 күрделі жөндеу,79 орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Облыс әкімдігі экономика және бөджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Мыхаевтың айтуынша, биылғы 5 айының қорытындысымен бөлінген қаржының 3,2 миллиард теңгесі игеріліп, жылдық жоспардың 21,0 пайызын құраған.
Жоба аясында атқарылған жұмыстар Меркі ауданында да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, көшелерді орташа жөндеу бойынша 5 жобаны іске асыруға 434,4 миллион теңге бөлінген. 5 айдың қорытындысымен 71,4 миллион теңге игерілген. Ал Мойынқұм ауданы бойынша 3 жобаны іске асыруға 95 миллион теңге қарастырылып, есепті кезеңде 19,7 миллион теңге жұмсалған. Бөлінген қаражатқа Айдарлы ауылында спорт кешенінің және мәдениет үйінің құрылыстары, ауылішілік көшені орташа жөндеу бойынша 1 жоба іске асырылуда. Жыл соңына дейін спорт кешені және мәдениет үйінің құрылыстары аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс екен. Талас ауданында да нақты нәтижелер бар. Мұнда 905 миллион теңгеге 2 мәдениет үйін қайта жаңғырту, 1 спорт кешенінің құрылысы және көшелерді орташа жөндеу бойынша 8 жоба іске асырылуда. Сонымен қатар Т.Рысқұлов ауданында 535,4 миллион теңгеге 2 жоба қолға алынған. Яғни, Құлан ауылындағы «Арай» тұрғын алабында спорт кешенінің құрылысы басталып, көшелер орташа жөндеуден өтуде. Шу ауданында 2,2 миллиард теңгеге 1 мәдениет үйінің, 2 спорт кешенінің құрылысы және көшелерді орташа жөндеу бойынша 27 жоба іске асырылуда.
Елімізде «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында 2019-2024 жылдары 524 миллиард теңге бөлініп, 2,6 мың тірек және спутниктік ауылда 6,6 мыңнан астам жоба орындалған болатын. Нәтижесінде 772 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысаны, мектеп, медициналық пункт пен мәдениет үйі сияқты 2,1 мың әлеуметтік нысан, 3 мыңнан аса кентішілік жол салынып, жөнделген. Ал 2025 жылы 500 ауылдық елді мекенде мыңға жуық жоба жоспарланған. Жобаларды жүзеге асыру мақсатында бюджеттен 176,4 миллиард теңге қарастырылған.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ