Жамбыл жаңалықтары

Құрылыс жұмыстары жүйелі әрі сапалы жүргізілуі тиіс

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірдегі құрылыс жұмыстарының барысы кеңінен сараланды. Жиында облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев баяндама жасап, өңірдегі құрылыстардың қарқыны мен қаржыландыру ахуалына тоқталды.

Ерман Құрмантайұлының айтуынша, 2025 жылы құрылыс басқармасы арқылы сметалық құны 205,9 миллиард теңгені құрайтын 181 жобаға бюджеттен 91 миллиард теңге бөлініп, бүгінде жүзеге асырылуда. 137 жоба биыл тапсырылуы тиіс, 44-і келесі жылға өтпелі. Жобалардың 113-і «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бойынша, 26 жоба «Өңірлерді дамыту», 29 нысан «Ауыл – ел бесігі», 4 мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы, 5 нысан білім инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы, ал қалған 4 жоба арнайы мемлекеттік қор есебінен қаржыландырылуда. Бүгінгі күнге 30 нысанның құрылысы аяқталған.

Сала бойынша талдасақ, білім саласында сметалық құны 32,8 миллиард теңгені құрайтын 22 нысанның құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, 9 жаңа мектеп, 9 жапсарлас құрылыс, 4 жапсарлас құрылыс және негізгі мектепті қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынған. 2025 жылға 16,1 миллиард теңге қаржы бөлініп, 11 нысанның құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Қазіргі таңда 3 нысанның құрылысы толығымен аяқталған.

Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 13,5 миллиард теңгеге 4 мектептің құрылысы басталған. Жыл қорытындысымен барлығы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Алайда Қарасу ауылындағы 300 орындық мектептің құрылысы белгіленген мерзімде аяқталмауы мүмкін. Бұған себеп – алғашқы мердігер «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарттың бұзылуы және сот процесінің жүруі. Құрылыс жұмыстарын жалғастыру ісі сәуір айынан бастап жаңа мердігер «Rise Capital» серіктестігіне жүктелген.

Ал денсаулық сақтау саласында сметалық құны 32,1 миллиард теңгені құрайтын 7 нысанның құрылысы жүргізілуде.

Спорт саласында да қыруар жұмыс атқарылып жатыр. 15 нысанның құрылысы басталса, биыл төртеуін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қалған 11 нысанның құрылысы 2026 жылға өтпелі болып есептеледі.

Мәдениет саласына келсек, сметалық құны 4 миллиард теңге болатын 12 нысанның құрылысына 800 миллион теңге бөлініп, жыл соңына дейін тоғызының құрылысы толық аяқталады. Қазіргі күні олардың үшеуінің құрылысы аяқталған. Қалған 3 нысан 2026 жылға өтпелі.

Ауылшаруашылығы саласында 5 ірі жобаның құрылысына 2025 жылы 1,6 миллиард теңге бөлініпті. Жыл қорытындысымен 3 нысан тапсырылса, қалған екеуі 2026 жылға өтпелі.

Баяндамашының айтуынша, бүгінгі күні коммуналдық тұрғын үй кезегінде 40 174 азамат тіркелген. Оның ішінде 30 045-і әлеуметтік осал топтағы азаматтар. Осыған байланысты 2025 жылы кезектегі азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етуге бюджеттен 36 миллиард теңге бөлініп, нәтижесінде 3 805 отбасы баспанамен қамтылатын болады.

Баяндамадан соң облыс әкімі жобалық-сметалық құжаттамалардың сапасына байланысты сын айтты. Оның айтуынша, жобалар сараптамаға жіберілмей тұрып тиісті тексерулерден өтпейді, салдарынан кейін көптеген олқылықтар анықталып жатады.

Сондай-ақ, облыс басшысы жобалаушы мекемелердің жауапкершілігін арттыру қажеттігін де қадап айтты.

Байзақ ауданының Аққия ауылындағы 100 орындық, Т.Рысқұлов ауданындағы Малдыбай ауылындағы 120 орындық және Шу ауданындағы Жиынбек ауылындағы 100 орындық мектептердің құрылысы да кеңесте көтерілді.

Сонымен қатар облыс басшысы құрылыс саласындағы өзекті мәселелерге тоқтала келіп, жұмысты жүйелі ұйымдастыру қажеттігін қатаң ескертті.

 Айжан ӨЗБЕКОВА