Ана мен бала денсаулығы – қоғамның баға жетпес байлығы
Қазақстанда ана мен баланы қорғау саласында реформалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысы Жолдауында отбасылық-демографиялық ахуалға ерекше басымдық беріп, бұл мәселені ұлттық қауіпсіздік пен елдің болашағына әсер ететін маңызды фактор ретінде атап өтті.Осы бағытта ана мен бала денсаулығын сақтау, профилактикалық медицинаны дамыту, бастапқы медициналық көмекті қолжетімді ету шаралары қолға алынған. Перинаталдық және педиатриялық қызметтерді нығайту, жас аналар мен балаларға қолдау тетіктерін енгізу – бұл бастамалардың көрінісі.
Бүгінгі медицина – тек ауруды емдеу емес, оның алдын алуға бағытталған жүйе. Ал бұл бағыт бала денсаулығына қатысты болса, жауапкершілік арта түседі.
Қордай аудандық орталық ауруханасында дәл осы мақсатта жүйелі жұмыстар жолға қойылды. Неонатология мен педиатрияны дамытудың жаңа тетіктері іске асырылуда. Мақсат – балалар денсаулығын қорғауға арналған заманауи үлгі қалыптастыру.
Материалдық – техникалық әлеует
Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен 94 миллион теңгеден асатын жаңа құрылғылар сатып алынуда. Жыл соңына дейін ауруханаға өкпені инвазиясыз желдететін CPAP аппараттары, ашық реанимациялық жүйелер, фототерапия құрылғылары, планшетті УДЗ аппараттар және басқа құралдар жеткізіледі. Бұл жабдықтар – сәбидің алғашқы демі үшін күресте дәрігердің сенімді серігі.
Кадрлық саясат – оңтайлы жұмыстың кепілі
Аурухана әкімшілігі педиатриялық қызметтің штатын кеңейтті. Бұрын санаулы ғана педиатр жұмыс істесе, енді олардың саны бірнеше есеге артпақ. Бұл – сапалы әрі қолжетімді көмекті қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам. Балалар реабилитологы жұмысқа алынды. Қазір пульмонология бойынша дәрігерлер арнайы оқуда. Бұл тыныс алу жүйесі ауруларына шалдыққан балаларға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Ауданға балалар невропатологы, кардиолог және офтальмолог тарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл мамандарға аудан әкімінің қолдауымен қызметтік тұрғын үй қарастырылған.
Жас мамандарға ұсынылатын әлеуметтік қолдау:
* 100 АЕК (393 200 тг) біржолғы көтерме жәрдемақы;
* 2500 АЕК (9 830 000 тг) көлемінде тұрғын үйге бюджеттік несие (15 жыл, 0,01%);
* 1 200 000 тг көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек;
* Қосымша 5 АЕК (19 660 тг) көлемінде қаржылай қолдау;
* Ай сайын жалдамалы пәтер ақысына 30 000 тг өтемақы;
* Балабақша шығынын өтеуге 5 000 тг көмек.
Ана мен бала қауіпсіздігі – басты назарда
2025 жылы Қордай аудандық орталық ауруханасында ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған білім беру жұмыстары жүйелі жүргізілді. 31 медицина қызметкері кәсіби оқытудан өтіп, біліктілігін арттырды.
Жаңа жоба – жаңа мүмкіндік
2025 жылдың соңына дейін Қордай аудандық орталық ауруханасы «Антенаталды күтім» тақырыбында 30 медицина қызметкерін оқытуды жоспарлап отыр. Оқу циклі теория мен тәжірибені ұштастырып, клиникалық жағдайларды талдауға, диагностика мен жедел көмекке бағытталады. Мақсат – тәуекелдерді азайтып, ана мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Ашықтық пен сенімге негізделген медицина
Аурухана әкімшілігінде пациенттермен ашық диалог орнатуға арналған «Open Space» форматындағы Пациенттерді қолдау қызметі жұмысын бастады. Өтініштерді «осында және қазір» қағидатымен шешуге жағдай жасалды.
«Ақпараттандырылған қоғамдық мониторинг және халықпен кері байланыс тетігі» жобасы енгізілді. Ерекше назар бастапқы медициналық көмек пен ерекше күтімді қажет ететін балаларға аударылып отыр. Осы мақсатта «Халық кеңесі» кабинеті ашылып, фокус-топтар мен кеңестер өткізіліп келеді.
«Мейірімді аурухана» жобасы іске қосылды. Мақсаты – қызметкерлердің коммуникативтік және практикалық дағдыларын жетілдіру. 90%-ы этика және деонтология бойынша арнайы оқытудан өтті. Аталған жобалар – көмектің сапасын арттыруға және қоғаммен сенімді қарым-қатынас орнатуға бағытталған нақты қадамдар.
Ерекше балаға – ерекше қолдау
Маусым айында дамуында ерекшелігі бар балаларға арналған «Даму және ерте араласу орталығы» ашылды. Мақсат – ауытқуларды ерте анықтап, әр балаға жеке түзету бағдарламасын жасау.
Мамандандырылған көмек – жанашыр көзқарас
Ауыр хәлдегі балаларды, жүкті әйелдерді және басқа науқастарды облыс орталығына дер кезінде жеткізу – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта аудан әкімдігінің қолдауымен заманауи реанимациялық автокөлік сатып алу жобасы жүзеге асырылуда. Телемедицина да жаңа деңгейге көтерілді. Мақсат – жетекші мамандардың консультацияларын шалғай ауылдар үшін қолжетімді ету. Бүгін қабылданып жатқан әр шешім, жасалып жатқан әр іс – ертеңгі ұрпақтың саулығы мен жарқын болашағына бағытталған нық қадам. Өйткені ана мен баланың өмірі – бәрінен қымбат.
Айдын Байбеков,
Қордай аудандық орталық аурухананың бас дәрігері