Ғылым әлеміне ашылған жол
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде биылғы оқу жылының магистрант түлектеріне арналған салтанатты диплом тапсыру рәсімі өтті. Бұл күн ұзақ уақыт бойғы ізденіс пен білім жолындағы қажырлы еңбектің қорытындысы, жас мамандардың ғылым мен кәсіби өсу жолындағы бір белесін артқа тастаған қуанышты сәті ретінде есте қалды.
Салтанатты іс-шараға арнайы келген құрметті меймандар қатарында Парламент Мәжілісінің депутаты, университеттің құрылтайшысы Ерболат Саурықов та болды. Ол түлектерге ақжарма тілегін арнап, ерекше көзге түскен магистранттарға «Шерхан мақтанышы» алғыс хатын және академиялық біліктілік туралы дипломдарды салтанатты түрде табыс етті. Өз сөзінде Ерболат Саурықов түлектердің білім жолында алған тәжірибесі мен меңгерген дағдылары ертеңгі күннің игілігіне айналатынына сенім білдіріп, елге, ғылымға қызмет етудің жауапкершілігіне назар аударды.
Салтанатты жиынға университеттің президенті Нұржан Муслимов пен ректоры Махметғали Сарыбеков те қатысып, болашаққа қадам басқан түлектерге сәт сапар тілеп, ұстаздық жүрекпен ақ батасын берді.
Биылғы оқу жылында магистратура бағдарламасы бойынша 321 студент білім алып шықты. Магистр жастар – түрлі салада кәсіби жолын қалыптастырып келе жатқан, ғылым мен тәжірибені ұштастыра білген жаңа буын өкілдері. Түлектердің арасында ғылым-білім саласына еңбек етіп жүрген жас мамандар да бар. Сонымен қатар өз саласында тәжірибе жинақтап үлгерген, қоғамның түрлі салаларында қызмет етіп жүрген азаматтар да аз емес. Білімін тереңдетіп, зерттеу жұмысын сәтті қорғап шыққан түлектер ендігі жерде кәсіби өмірде жаңа биіктерге ұмтылмақ.
Салтанатты іс-шарада академиялық үлгерім мен зерттеу жұмыстары ғана емес, спорттағы жетістіктері арқылы университет абыройын асқақтатқан түлектер де ерекше құрметке ие болды.
Диплом тапсыру сәті – әр түлек үшін тек рәсім ғана емес, өмірінің жаңа парағын ашатын, жүрек түкпіріне үміт пен сенім ұялататын ерекше мезет. Сол параққа олар енді өз қолдарымен тағдырын жаза бастайды. Ал артында университет қабырғасында алған білім, ұлағатты ұстаздың тәлімі, бірге оқыған достармен өткен жылдар естелігі қалады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ