Қазіргі жастар қандай кітаптарға қызығады?
Кітап – адамзат өміріндегі құнды құралдардың бірі. Ал сол білім мен даналықтың ордасы саналатын кітап дүкендері рухани байлыққа апарар жолдың бастауы десек, қателеспейміз. Қай заманда болмасын кітап дүкендері адамдардың рухани сұранысын қанағаттандырып, қоғамның мәдени деңгейінің өсуіне өз үлесін қосып келеді.
Қазір оқырмандар қандай жанрға көбірек қызығады, қандай авторларды іздейді, нені сүйіп оқиды? Осы сауалдарға жауап іздеп қаладағы бірнеше кітап дүкенін аралап көруді жөн санадық. Оқырман талғамының таразысы қайда ауғанын өз көзімізбен көріп, кітап нарығындағы жаңалықтармен танысқымыз келді. Алдымен бағытты еліміз бойынша 8 филиалы бар «Kitapal» дүкеніне бұрдық. Кіре сала бізді жылы жүзді сатушы Айгүл Оралбай қарсы алды. Кітап сөрелері көздің жауын алады. Жанр-жанрға бөлінген сан түрлі туындылардың ішінен оқырман не таңдайды екен деген қызығушылықпен сөрелерді аралап кеттік.
Сатушының айтуынша, күн сайын мұнда жиырмаға жуық сатып алушы келеді екен. Әр тұтынушының талғамы әртүрлі. Бірі қазақ зиялыларының шығармаларын іздесе, енді бірі шетел әдебиетіне қызығушылық танытады. Сонымен қатар қаржы, психология жанрындағы кітаптарға да сұраныс жоғары екен. Ал кітаптардың бағалары әртүрлі. Баға кітаптың көлеміне, жанрына, мазмұнына және авторына да байланысты белгіленеді. Кейбір кітаптар көп еңбекті қажет ететін іргелі зерттеулер болса, енді бірі жеңіл оқылатын көркем шығармалар.
Орта есеппен алғанда кітаптардың бағасы 2 000 теңгеден басталып 8 000 теңгеге дейін жетеді. Әрине, бұдан қымбат әрі арзан кітаптарды да табуға болады. Осы ретте баға оқырманның әлеуметтік деңгейін ескере отырып қойылатынын айта кету керек. Біреуге қолжетімді кітап керек, ал енді бірі сирек кездесетін басылым іздейді. Кейде атақты авторлардың шығармаларына сұраныс өте жоғары болады, бұл да кітап бағасына әсер етеді. Сондай-ақ арнайы безендірілген, сыйлыққа арналған, мұқабасы қатты, көп иллюстрациялы кітаптардың да құны жоғары болатыны заңдылық.
Кітаптардың бағасының қолжетімді болуы оқушылар мен студенттер үшін ыңғайлы. Іздеген кітаптарын арнайы дүкендерден сатып алып, кез келген жерде, қалаған уақытында оқи алады.
Кітап – жүрекпен оқылатын, оймен қабылданатын, жанмен сезілетін қазына. Сондықтан кітап оқуға уақыт табу – өзіңе, болашағыңа, руханиятыңа уақыт табу деген сөз. Жалпы алғанда кітап бағасы – оның құндылығын көрсететін бір ғана өлшем емес. Ең бастысы – кітаптың адамға берер пайдасы мен рухани әсері. Оны ақшамен өлшеу мүмкін емес..
Сымбат ҚУАНЫШ