Цифрлық Қазақстан

Шаршы алаңда – роботтар

2011 жылы жарыққа шыққан «Живая сталь» фильмі естеріңізде болар. Фантастикалық жанрда түсірілген кинокартинаның сюжеттік желісі адам мен роботтардардың өзара әрекеттесуін көрсетеді. Яғни фильм оқиғалары болашақта өтеді. Режиссер шешімі бойынша, бұл заманда боксқа тыйым салынып, орнына салмағы 2000 фунттық (шамамен 900 келі) роботтар арасындағы жекпе-жектер пайда бола бастайды. Адамдар енді шаршы алаңға өздерінің роботтарын шығарып, қашықтан басқарады.

Сонда фильмді көріп отырып «шынымен-ақ болашақта роботтар бокстасуы мүмкін бе?» деп ойға берілгенбіз. Ойлана-ойлана іштей «мүмкін емес» деген тоқтамға келгенбіз. Бірақ мүмкін екен.

2025 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында алғаш рет адам тәрізді роботтар арасында бокстан турнир өтті. «Mecha Fighting Series» деп аталған ерекше додаға «Unitree Robotics» компаниясының G1 үлгісіндегі гуманоидтары қатысты. Роботтар түрлі шабуыл әрекеттерін, тіпті хук, апперкот, тізе соққысы секілді күрделі комбинацияларды сәтті орындап, көрерменнің ықыласына бөленді.

Бір қызығы, роботтар қашықтан басқарылады және адамның қозғалысын нақты қайталай алады. Турнир барысында 4 түрлі оператор тобы роботтарды басқарып отырды.

Финалда қара дулыға киген робот жасыл дулығалы қарсыласын нокаутқа түсіріп, тарихи жеңіске жетті. Мұндай көрініс тек кинода ғана болатын сияқты еді, алайда енді бұл – шындық.

G1 моделіндегі роботтар 2024 жылы таныстырылған болатын. Салмағы 35-47 келі, бойы 127 сантиметр. Жылдамдығы – секундына 2 метрге дейін. Роботтар LiDAR сенсорларымен, тереңдік камераларымен және тепе-теңдік сақтау технологияларымен жабдықталған. Қазіргі кезде қозғалыс жылдамдығы мен соққы дәлдігі жетілдірілуде.

«Unitree Robotics» компаниясы тек роботтар арасындағы турнирмен шектелмей, робот пен адам арасындағы жекпе-жектерді де ұйымдастырып жүр. Бір ай бұрын өткізілген адам мен робот арасындағы кездесуде кәсіби боксшы жеңіске жеткен. Себебі роботтың жылдамдығы мен реакциясы әлі де шектеулі еді. Дегенмен, компания өкілдері мұндай құрылғылар болашақта спортшылардың жаттығу процесін жаңа деңгейге көтеретінін мәлімдеді.

Айта кетейік, тек Қытайда ғана емес, бүкіл әлемде робот-боксшыларға деген қызығушылық артуда. Мәселен жуырда Венгрия инженерлері де өз жобаларын таныстырып үлгерді. Олар жасаған 40 сантиметрлік роботтар джойстикпен басқарылады. Рас, олардың жекпе-жегі тек виртуалды ортада өтеді, ал нақты роботтар визуалды эффект ретінде ғана қызмет атқарады.

Ал Болгариядағы «IHMC Robotics» командасы YouTube арқылы жұртқа ерекше роботты көрсетті. «Nadia» деп аталған бұл робот адамның қимыл-қозғалысын дәл қайталап, спарринг-серіктес ретінде әрекет ете алады.

Қазіргі таңда роботтардың қимылы әлі де баяу. Олардың реакциясы мен шешім қабылдау мүмкіндігі адаммен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Бірақ бұл уақытша шектеу ғана. Инженерлер роботтардың алгоритмін үнемі жетілдіруде. Жақын болашақта біз бокстан ғана емес, муай-тай, каратэ, тіпті күрес түрлерінен де роботтар арасындағы турнирлерді көре аламыз.

Бүгінгі роботтар жекпе-жегі – бұл тек қызықты көрініс емес, жасанды интеллект пен инженерияның жетістіктерін паш ететін платформа. Бүгін олар жекпе-жекке шығып жатыр, ал ертең – жаттықтырушы, қауіпсіздік офицері, тіпті ғарышкер бола алады. Кезінде қиял болып көрінген болашақ қазірдің өзінде шындыққа айналып келеді.

Айжан ӨЗБЕКОВА