Цифрландыру – отбасыларды қолдаудың сенімді құралы
Отбасы – мемлекеттің іргетасы, қоғамның алтын діңгегі. Қазақ халқы ежелден отбасы берекесіне, ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген. Қазіргі таңда да отбасылық құндылықтарды сақтау, әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы бағытта елімізде ауқымды жұмыстар қолға алынып, соның ішінде цифрлық технологияларды енгізу арқылы отбасына көрсетілетін көмектің тиімділігі арттырылуда.
Бүгінде елімізде 234 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтардың қызметін тиімді үйлестіру, ақпарат алмасу үдерісін жеделдету, көмекті нақты әрі дер кезінде көрсету мақсатында «FSM Social» атты жаңа цифрлық қосымша іске қосылды. Бұл – отбасының әлеуметтік ахуалына талдау жасап, дерек жинақтап, кешенді көмек көрсетуге арналған бірыңғай жүйе.
«FSM Social» жүйесінде отбасының мәртебесі, тұрмыстық жағдайы, жәрдем алу тарихы, әлеуметтік қолдау алу деңгейі туралы ақпарат толық қамтылады. Оған қоса, жүйе арқылы психолог, заңгер, әлеуметтік қызметкер және басқа да мамандардың жұмысын үйлестіріп, нақты сұранысқа орай бағыттауға мүмкіндік бар. Еңбек, білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдары арасындағы өзара байланыс нығайып, отбасымен кешенді жұмыс жүргізіледі.
Мәселен, Тараз қаласында енгізілген «Отбасылық сандық карта» жобасы – цифрлық жүйенің тиімділігін көрсететін жарқын мысал. Бұл карта арқылы әр отбасының әлеуметтік ахуалы үнемі назарда ұсталады. 2024 жылы Тараз қаласы бойынша 7272 отбасы дағдарыс және мүшкіл деңгей саналатын Е-санатына енгізіліп, соның ішінен 35 күрделі жағдайдағы отбасы ерекше бақылауға алынып, нақты көмек көрсетіліпті.
Эльмира Инаятқызының айтуынша, «Отбасылық сандық карта» отбасылармен мақсатты әрі дер кезінде жұмыс жүргізуге мүмкіндік беретін жүйе. Мұндай карта болмаған кезде қай отбасының нақты қандай қиындыққа душар болғанын білу мүмкін болмаған.
Цифрландырудың тағы бір маңызды қыры – мобильді топтардың жұмысы. «Отбасылық сандық карта» мен «FSM Social» жүйесіне тіркелген отбасыларды зерделеу үшін әлеуметтік, білім, құқық қорғау, денсаулық сақтау мекемелерінің мамандарынан құралған мобильді топтар жүйелі түрде мекенжайға барып, отбасылармен жеке жұмыс жүргізеді.
Сонымен қатар цифрландыру қашықтан кеңес беру қызметін де жолға қоюға мүмкіндік берді. Әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларында зардап шеккендерге дер кезінде құқықтық көмек көрсету өте маңызды. Мысалы, 2024 жылы «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының заңгерлері 19 әйелге телефон арқылы кеңес берген. Олар алимент өндіру, тұрғын үй алу, несиелік міндеттемелерді жеңілдету сияқты мәселелер бойынша нақты құқықтық бағыт-бағдар алыпты.
«Отбасылық сандық карта» жобасы мен «FSM Social» жүйесінің тиімділігі тек облыс орталығында емес, аудандарда да байқалуда. Мысалы, Шу, Байзақ, Жуалы, Сарысу аудандарында да мобильді топтар, кеңес беру пункттері, әлеуметтік көмек бағытындағы мекемелер белсенді жұмыс жүргізуде.
Осылайша бүгінде цифрландыру отбасыларға көрсетілетін көмектің сапасын арттырып қана қоймай, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ететін сенімді тетікке айналды. Мемлекет пен қоғам осы жүйені дамыта отырып, отбасылардың әл-ауқатын арттыруға, қиын жағдайдағы жандарға қол ұшын созуға, халықтың билікке деген сенімін күшейтуге үлес қосады. Ең бастысы – бұл жүйеде әрбір отбасы, әрбір азамат назарда болады.
Айжан ӨЗБЕКОВА