Психикалық денсаулыққа бейжай қарамайық
Бүгінгі таңда жастардың психикалық денсаулығы – қоғамның басты назарында болуы тиіс мәселелердің бірі. Кез келгеніміз ауыра қалсақ, бірден дәрігердің көмегіне жүгініп, ем іздейміз. Ал жанның дертіне келгенде үнсіз қаламыз.
Адам – жан иесі. Көңіл күй, ішкі тыныштық пен өмірге деген құлшыныс – бұлар да денсаулықтың бөлшегі. Психикалық жай-күйіміздің нашарлауы физикалық жағдайымызға да әсер етеді. Мысалы, күйзеліс пен уайым адамның ұйқысын бұзады, жүрек соғысын жиілетеді, тамаққа тәбетті жояды немесе керісінше шамадан тыс жеуге итермелейді. Кейде ауыр ойлардан арылмаған адамның денесінде нақты аурулар пайда болады.
Жан мен тән егіз ұғым. Олар бір-бірімен үндесіп, үйлесімді жұмыс істегенде ғана адам өзін толыққанды, бақытты әрі еркін сезінеді. Сондықтан жан мен тәннің арасындағы байланысты түсініп, екеуін де күтіп ұстау аса маңызды.
Қазіргі жастардың психикалық денсаулығына әсер ететін басты факторлардың бірі – әлеуметтік желілер. «Instagram», «TikTok», «Facebook» сияқты платформаларда жастар өмірлерінің жарқын сәттерімен бөлісіп, өздерін ең керемет образда көрсетуге тырысады. Мұны күнде көріп отырған қатарласы өзін өзгемен салыстыра бастайды. «Неге мен басқалар секілді өмір сүрмеймін?», «Неге мен ондай бақытты емеспін?» деген ойлар өзін-өзі бағалаудың төмендеуіне, көңілсіздік пен күйзеліске душар етеді. Сонымен қатар қатар, кибербуллинг, яғни интернет арқылы қорлау, кемсіту, мазақтау немесе жеке өмірге қол сұғу – жасөспірімдердің ішкі жандүниесіне терең әрі ұзаққа созылатын жара қалдыруда. Әлеуметтік желілердегі келемеж, анонимді пікірлер, фотосуреттер мен бейнелерді тарату сияқты әрекеттер адамның өзін-өзі бағалауына, қауіпсіздік сезіміне және сенімділігіне кері ықпалын тигізеді. Мұндай шабуылдар жасөспірімнің өзін қоғамнан шет қалғандай сезінуіне, уайым мен күйзеліске ұшырауына, тіпті кейбір жағдайда суицидке дейін баруына себеп болады.
Тағы бір үлкен қысым көзі – отбасылық және академиялық талаптар. Ата-ананың «үздік бол», «сенен көп үміт күтеміз» деген сөздері кейде жастардың арқасына салмақты жүк артады. Әсіресе, ҰБТ, сессия, оқу үлгерімі секілді кезеңдерде жастар шаршап, қажып, өзіне деген сенімін жоғалтуы ықтимал. Бұған қоса, диплом алғаннан кейін жұмыс табу қиындықтары, тұрақсыз табыс, болашақтағы өмірге деген сенімсіздік те психологиялық күйзеліске себеп болады. Жас маман өз күшіне сеніп, жаңа өмірге қадам басқысы келгенімен, еңбек нарығындағы бәсекелестік, тәжірибесіздік, кейде мамандыққа деген сұраныстың аздығы оның армандары мен үмітін көлеңкелейді. Мұндай жағдайда жастар өзін қоғамға қажетсіз, дәрменсіз сезініп, күйзеліске, жалғыздыққа немесе өзін-өзі кінәлауға бейім келеді. Бұл – әсіресе қалада тұратын, ата-анасынан жырақта жүрген, әлеуметтік қолдауы аз жастар үшін өзекті мәселе.
Жеке қарым-қатынас мәселесі де жасөспірімдер мен жастар үшін ең нәзік әрі күрделі тақырыптардың бірі. Бұл кезеңде адам алғаш рет ерекше сезімдерді бастан кешеді. Сүйіктісімен айырылысу немесе жақын досынан көңілі қалу, оның сатқындығын бастан өткеру де жасөспірімге қиын соғады. Сонымен қатар, өзін қоғамда маңызды әрі қабылданған тұлға ретінде сезіне алмау, өзінің кім екенін және қайда бағыт алу керек екенін білмеу адамның бойында тұрақсыздық пен сенімсіздік тудырады. Бұл жаста адам өзін тануға, өз болмысын ашуға және тұлғалық даму жолын таңдауға тырысады. Бірақ бұл жол оңай емес. Айналадағы қысым, ересектердің түсінбеуі, әлеуметтік стереотиптер мен идеалдарға сай болуға тырысу жасөспірімге ауыр тиеді. Ол өзін жалғыз сезінуі мүмкін. Осындай жағдайларда адамның ішкі дүниесі есеңгіреп, уайым мен күйзеліске түседі. Жан жарасы көзге көрінбесе де, оның салдары ұзаққа созылуы ғажап емес.
Статистикаға жүгінсек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) әлемдегі әр төртінші адамның өмірінде бір рет болса да психикалық мәселені бастан өткеретінін айтады. Ал жасөспірімдер арасында депрессия мен мазасыздық деңгейі ең жоғары орында тұр. Ең алаңдатарлығы – суицидтің 15 пен 29 жас аралығындағы жастар арасындағы өлім себептерінің бірі болып отырғаны.
Осы қиындықтардан шығудың жолдары бар ма? Әрине, бар. Ең бірінші, жастардың психологиялық сауаттылығын арттыруымыз керек. Мектептерде, колледждерде, университеттерде психологиялық кеңес беретін орталықтар жұмыс істеуі тиіс. Тренингтер, ашық сұхбаттар, сенім телефондары – бәрі де жастардың жанын сауықтыруға бағытталуы қажет.
Ата-ана да баласымен ашық сөйлескені жөн. Баланы кінәлап, сөгу емес, оған жанашырлық танытып, сөзін бөлмей тыңдау маңызды. Себебі кей жағдайда жасөспірім өз сезімін, уайымын немесе ішкі қиналысын анық сөзбен жеткізе алмайды. Мұндай сәтте оны түсінуге тырысу, қолдау көрсету – үлкен көмек. Баланың жүрегіне жол табу үшін оған мейіріммен қарау, жылы сөз айту, қолынан келетінін сеніммен айту аса қажет. Ашық әңгіме, сенімді қарым-қатынас пен қамқор көзқарас – оның өзін қауіпсіз, қажет және бағалы сезінуіне мүмкіндік береді. Жасөспірім жүрегі жұмсақ әрі сезімтал келетінін ұмытпаңыз.
Психикалық денсаулық – көзге көрінбейтін құндылық. Бірақ оның әсері өмірдің барлық саласында сезіледі. Жандүниесі жаралы жастан толыққанды тұлға қалыптаспайды. Сондықтан әрбір жас адам өзін жалғыз емес, қолдауы бар ортада екенін білуі тиіс. Біз жастарға үміт пен мейірім сыйласақ, олар осы әлемде өз орнын табуға қорықпайды
Мадина МҰСАБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің студенті