Денсаулық

МӘМС жүйесіне енгізілген өзгерістерден не күтеміз?

Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға енгізілген өзгерістерді ресми түрде бекітіп, тиісті құжатқа қол қойды. Бұл өзгерістердің қарапайым азаматтарға, сондай-ақ жалпы жүйеге қалай әсер ететінін білмек мақсатта «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалына қайырылған едік.

Филиал директоры Ғайни Аймағанбетованың айтуынша қазіргі уақытта Қазақстан халқының 83 пайызы сақтандырылған. Алайда шамамен 3,3 миллион адам МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Ал облысымызда 948 мың (80,8 пайыз) сақтандырылған. Әлі де болса 225 мыңнан аса адам жүйеден тыс қалып отыр.

Енді азаматтар кемінде бес жыл қатарынан жарна төлеген болса, уақытша төлем тоқтатылған жағдайда алты айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтай алады. Бұған дейін бұл мерзім 3 ай болатын. Мәселен, азамат бірнеше жыл бойы тұрақты түрде жұмыс істеп, жарналарын уақтылы төлеп келсе, бірақ кейін жұмысынан айырылып, табыссыз қалған жағдайда оған МӘМС аясында медициналық қызмет көрсетіледі. Алайда кейін сол айлардағы берешекті өтеу қажет болады.

Мемлекет басшысы 2024 жылғы Жолдауында азаматтардың денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін «Бірыңғай медициналық көмек пакетін» жасауға ерекше назар аударған болатын.

Қабылданған өзгерістерге сәйкес, онкологиялық скринингтер 2026 жылдан бастап ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) тізіміне өтеді және МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін тегін болады. Сондай-ақ, 8 әлеуметтік мәні бар ауруға (туберкулез, АИТВ, созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркті, инсульт) күдік туындаған жағдайда консультативтік-диагностикалық көмек те тегін көрсетіледі. Бұған дейін мұндай көмек тек АИТВ мен туберкулезге күдік болғанда ғана ұсынылатын.

Ғайни Төленқызының айтуынша, халықты медициналық көмекпен қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі – медициналық сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығы. Осыған байланысты, 2026 жылғы қаңтардан бастап жарналар мен аударымдарды есептеу кезінде қолданылатын табыс көлемінің жоғарғы шегі жаңартылады. Жұмыс берушілер үшін бұл шек 40 ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшерінде, ал қызметкерлер үшін 20 ЕТЖ мөлшерінде белгіленеді. Аталмыш өзгеріс бастапқыда ұсынылған 50 ЕТЖ орнына қабылданған тиімді шешім. Мұндай тәсіл жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып, салық жүктемесінің шамадан тыс өсуіне жол бермейді. Сондай-ақ бұл өзгеріс міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, азаматтардың денсаулық сақтау шығындарын өтеудегі жауапкершілікті әділ әрі теңдей бөлу қағидатын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осы шараның нәтижесінде жүйенің жылдық табысы шамамен 200 миллиард теңгеге артады деп күтілуде.

Жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында мемлекет МӘМС жарна мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен арттыруды жоспарлап отыр. 2027 жылы бұл көрсеткіш 2,2 пайызға дейін өседі, ал 2037 жылға дейін біртіндеп 4,7 пайызға жетеді деп күтілуде.

Айжан ӨЗБЕКОВА