Халыққа қызмет – мерейлі міндет
Аудандық ішкі саясат бөлімінің негізгі миссиясы – мемлекеттік саясатты түсіндіру мен насихаттау, қоғамдық-саяси тұрақтылыққа мониторинг жүргізу, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыру. Бөлім қызметкерлері мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауды қалыптастыруға, этносаралық келісімді сақтау мен нығайтуға, мемлекеттік органдардың азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылын жетілдіруге ден қойған. Патриоттық сана-сезімді, азаматтық жауапкершілікті арттыру, белсенді қоғамдық көзқарасты қалыптастыру, жастар бастамасын дамыту да негізгі міндеттер қатарында.
Бөлім мамандары тарапынан заңды және жеке тұлғалардан түскен өтініштерге Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптарына сәйкес жауаптар беріліп тұрады. Сондай-ақ, жеке қабылдауға келген тұлғалардың өтініштері қанағаттандырылады. 2025 жылы бөлімде 263 кіріс, 95 шығыс құжаттары рәсімделген. Құжат айналымы мерзімдерін бұзу фактілері орын алған жоқ.
Ауданда әлеуметтік наразылық тудыратын проблемалық мәселелер бойынша тұрақты мониторинг жүргізілуде. Медиа-кеңістікте тұрғындардың көтерген проблемалық мәселелері бойынша тұрақты мониторинг өткізіліп, бекітілген алгоритмдерге сәйкес әрекет жасалуда. Мониторингтік жұмыстар аясында анықталған қоғамдық тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін мәселелер қауіп-қатерлер картасына енгізілген.
Мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру аясында аудан тұрғындарының әлеуметтік оптимизмін қалыптастыру шаралары тек электронды ақпарат құралдары арқылы ғана емес, баспа ақпарат құралдары арқылы да жүргізілуде.
Ауданның тыныс-тіршілігі жайында республикалық газеттер мен телеарналарда тұрақты түрде материалдар жариялануда. Олардың жалпы саны – 261.
Бізде арнайы мониторинг жүргізілетін пабликтер мен жеке парақшалардың тізімі жасалған. Сол тізімге сәйкес әр сағат сайын арнайы мониторинг жүргізіліп отырады. Таяуда ішкі саясат бөлімі жанындағы аудандық «Ақпараттық медиа орталығында» iMAS атты ақпаратты жинау мен өңдеудің заманауи цифрлық технологиясы орнатылды. Бұл жүйе БАҚ, әлеуметтік желілер, блогтар және веб-ресурстарына тұрақты түрде талдау жасап, бақылап отырады. Сонымен қатар жақында орталық ішінен «Баспасөз алаңы» өз жұмысын бастады.
Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы» Заңына сәйкес билбордтық конструкцияларға, ғимараттардың сыртқы жақтарына орналастырылған жарнама объектілерінің меншiк иелерi немесе сыртқы жарнама объектiлерiне өзге заттай құқықтары бар тұлғалар жарнама объектілерін тиісінше эстетикалық, санитариялық және техникалық жай-күйде ұстап тұруды міндетіне алған.
Ендігі кезекте аудан орталығынан бастап кезең-кезеңімен барлық округтердің орталықтарында заманауи үлгідегі LED экрандарды орнату көзделіп отыр. Осылайша бекітілген үлгідегі ақпараттық құралдарды лезде әрі ұзақ мерзімге орналастырып, контенттің түрлілігін қамтамасыз етуге болады.
Әрбір басылым – ұлттың мерейі, мәртебесі. Қағазға түскен таңба ешқашан жойылмайды. Халқымызға тәрбие, рухани дүние қай кезде де керек. Мемлекеттік саясатты насихаттап, елдіктің сөзін сөйлейтін, шындықтың алауын жағатын басылымдар қоғамды дамытудың бір тетігі болып қала береді. Сол себепті мерзімді баспасөзге жазылу өңірде жүйелі жолға қойылған.
Этносаралық келісім – ел дамуының өзегі. Өзара ынтымақтың арқасында қоғамның барлық азаматы мойындаған ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген ұлт бірлігіне жетіп отырмыз.
Ауданда мемлекеттік, ұлттық және кәсіби мерекелер мен атаулы күндерге арналған ауқымды іс-шаралар жоспары бекітілген. Жыл ішінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Конституцияның 30 жылдығы аясында, сонымен қатар, Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы», облысымызда облыс әкімінің бастамасымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» деп белгіленуіне орай аудан аумағында ұйымдастырылатын шаралардың идеологиялық мән-мазмұны жоғарыда аталған атаулы күндерге бағытталуда.
Медиа-жоспарға сәйкес аудан көлемінде еңбек адамдары насихатталып, олардың беделін арттыру мақсатында жыл басынан 21 баннер, 42 бейнеролик дайындалып, әлеуметтік желілерде таратылып, жұмысшы мамандары туралы 21 сюжет облыстық телеарналарда көрсетілді. Аудандық газетте 28 мақала жарияланды.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 33 ірі іс-шара жоспарланып, соғыс ардагерлеріне теңестірілген тұлғаларға ерекше құрмет көрсетілді, мерекелік медальдар табысталып, бірреттік материалдық жәрдем жасалды. Іс-шаралар қатарында аудандық ғылыми-практикалық конференция, тыл еңбеккерлерін қолдауға арналған қайырымдылық акциясы, жастар шеруі, әскери-патриоттық әндер байқауы, балалар мен жасөспірімдер арасында сурет салудан облыстық байқау, тарихи-танымдық кездесулер мен сұхбаттар, мәдени-көпшілік, әскери-патриоттық іс-шаралар бар.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған іс-шаралар да мазмұндылығымен ерекшеленді.
Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесін тойлауға қатысты өткен іс-шараларға өңір тұрғындары белсене қатысты. Наурызнаманың онкүндігіне бағдарланған семинар-тренингтер, ұлттық ойындар, мәдени-көпшілік іс-шаралар жергілікті жұртшылықтың есінде қалғаны анық.
Мұндай игіліктер алдағы уақытта да сәтімен жалғаспақ. Бөлім мемлекеттік саясатты халыққа ұғындыру мен нәсихаттау, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында қызмет ете бермек.
Теміржан ІЗТІЛЕУОВ,
Жамбыл ауданы әкімдігі ішкі
саясат бөлімінің басшысы