Мәдениет

Ардагерлер салған әндер-ай!

Тараз қаласында қарттар мен зейнеткерлерді қолдау, оларға рухани-әлеуметтік көмек көрсету мақсатында «Белсенді ұзақ өмір орталығы» ашылған болатын. Облыс әкімдігінің қолдауымен пайдалануға берілген орталықтың негізгі мақсаты – өңірдегі зейнет жасына жеткен белсенді, өмір жасын ұзартуды көздеген қарт адамдарға мемлекет тарапынан мүмкіндіктер жасау арқылы денсаулығын қолдау, көңіл күйін көтеру және бос уақытын тиімді ұйымдастыру.

Мұндағы қызметтер желісінде психологиялық кеңес және тренинг, дәрігердің тағайындауы, физиотерапия, тренажерлер, массаж, тұзды шахта, нуга бест, фито бар, би, йога, шахмат, тоғызқұмалақ, бильярд, үстел теннисі, тіл оқыту, музыка, қолөнер үйірмелері қамтылған. Сонымен қатар орталықта зейнет жасындағы азаматтар үшін тұрақты түрде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады.

Мәселен жуырда ардагерлер арасында халық шығармашылығын көпшілік қауымға кеңінен таныстыру, өнерлі жандардың талантын насихаттап, қолдау мақсатында «Көңілдің әні, жүректің үні» тақырыбында байқау өтті.

Байқау шымылдығы «Ғұмыр дария» ұлттық аспаптар ансамблінің жетекшісі Аманқұл Искаковтың сүйемелдеуімен халық күйі «Арынғазымен» түрілді. Одан кейін халық жүрегінен орын алған «Қарғаш ай», «Ләтипа», «Кеңгірдің қоңыр кешінде», «Ассалаумағалейкум Қазақстан», «Ананың қадірін біл», «Аққу арман» сынды әсем әндер лек-легімен шарықтай жөнелді. Ал өз кезегінде Нұрлыгүл Ахметова арнау өлеңін оқып, көрермендердің қошаметіне бөленді.

Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Күләш Әбдікешева, педагогика ғылымдарының магистрі Сұлугүл Құрмантаева және орталықтың белсенді ардагерлері Әбдіқасым Әлімханов, Баян Көшербаева қазылық еткен байқаудың қорытындысы бойынша жүлделі І орынға Сыдықназар Қаржаубай мен Жасан Тілеубеков және Сымбат Нұрманова ие болды. Ал ІІ орынға Мұрат Танабаев пен Құралай Дүйсекева лайық деп танылды. ІІІ орын Аманқұл Искаковқа, Роза Кенжебековаға, Узюмкуль Нұрахановаға бұйырды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ