Ұлы ақын ұлықталды
Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдық мерейтойына орай «Қазақтың дана Қадыры» тақырыбында квест ойыны өтті.
Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың ұйымдастыруымен Берікқара шатқалындағы «Тау самалы» жазғы сауықтыру лагерінде өткен танымдық іс-шара ақын шығармашылығына негізделіп, балалардың таным көкжиегін кеңейтуге бағытталды.
Қазынаны іздеу түрінде құрылған ойын 4 аялдамадан тұрып, 12 тапсырманы қамтыды. Қатысушыларға бағыт-бағдар беретін маршруттық карта ұсынылып, әр аялдамада олар логикалық тапсырмалар орындап, пазл құрастырды, сканворд шешті.
Балалардың зеректігі мен шапшаңдығы сыналған бұл ойында ақынның өмір жолы мен шығармашылығына қатысты сұрақтар жасырылып, Қадыр Мырза Әлі өлеңдерінен сыр шертілді. Сонымен қатар, жас өнерпаздар ақынның сөзіне жазылған «Атамекен», «Жалқаубек», «Өз елім» әндерін орындап, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады. Әсіресе «Жалқаубек» әнін орындаған Рауфа Таласбайдың өнері көпті тәнті етті.
Ойынның қорытындысы бойынша «Экипаж» командасы оза шауып, бірінші орынға ие болды. Екінші орын «Зиги-заги» тобына, үшінші орын «Дәл солай» командасына бұйырды.
Жеңімпаздар мен қатысушыларға арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
«AR-AI»-ақпарат