Вегетациялық кезең жоспарлы режимде өтуде
Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің ауылшаруашылығын орнықты дамыту жөнінде қойған міндеттерін орындау шеңберінде вегетациялық кезеңнен өту және елдің оңтүстік өңірлерін суармалы сумен қамтамасыз ету мәселелері жөнінде жиын өткізді. Жергілікті жерлердегі ахуал туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов баяндама жасап, Түркістан, Қызылорда облыстарының әкімдері тыңдалды.
Жиында оңтүстік өңірлердің бүгінгі сушаруашылығы жағдайы талқыланды. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметтері бойынша қазіргі уақытта суқоймаларындағы су көлемі – 19,2 миллиард текше метр. Суармалы су көлемінің 98 пайызын оңтүстіктегі бес өңір – Жетісу, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары пайдаланады, бұл аймақтарда 1,2 миллион гектар жер суарылады.
Бекітілген жоспарға сәйкес, аталған өңірлерге биылғы суару маусымында 10,1 миллиард текше метр су беру жоспарлануда. 15 шілдедегі жағдай бойынша әзірге 7 миллиард текше метр су жұмсалған, вегетациялық кезеңнің соңына дейін тағы 3,1 миллиард текше метр су берілмек.
«Қазгидромет» РМК-ның мәліметінше, биылғы суару маусымы еліміздің оңтүстік өңірлерінде жауын-шашынның аз түсуіне байланысты созылып барады.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Алматы мен Жетісу облыстарындағы ауылшаруашылығы алқаптарын сумен қамту үшін тұрақты жағдай жасалып жатқанын баяндады. Аталған өңірлерді сумен қамтудың тиімділігін жақсарту және жеделдігін арттыру мақсатында министрлік пен «Қазсушар» РМК өкілдерінің іссапарға жіберілген тобы жұмыс істеп жатыр.
Жамбыл облысы бойынша вегетациялық кезең жоспарлы режимде өтуде. Шу-Талас бассейніндегі су шаруашылығы жағдайы қалыпты және тұрақты бақылауда. Биылғы суару маусымында 2025 жылғы сәуірден қыркүйекке дейін Шу және Талас өзендерінің бассейні бойынша су берудің жиынтық жоспарлы көлемі 625 миллион текше метрді құрайды. Шілде айының басында Қордай ауданы Қайнар ауылындағы Шу өзенінде қосымша сорғы стансасы қосылды, бұл оның төменгі жағындағы учаскелерге су беруді арттыруға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, «Қазсушар» РМК филиалының күшімен Шу өзенінің учаскесі тазартылды.
Түркістан және Қызылорда облыстарында биыл вегетациялық кезең орташа жылдық мерзімнен 20 күн бұрын басталды. Топырақтың жоғарғы қабатында ылғалдың төмендеуіне байланысты ауылшаруашылығы дақылдарының су тұтыну көлемі бастапқы кезеңде орта есеппен 50 пайызға өсті, бұл суару көздеріне қосымша ауыртпалық тудырды.
Су шығынын оңтайландыруға және ауылшаруашылығы алқаптарын біркелкі суаруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін кезектестіре және түнгі суару жүйесі енгізілді. Су ресурстарын үнемдеуге және экожүйеге антропогендік жүктемені азайтуға ықпал ететін коллекторлық-дренажды суды қайта пайдалану белсенді қолданылады. Тік дренаж және сорғы қондырғылары қосылған, бұл жерасты суларының деңгейін тұрақтандыруды қамтамасыз етеді әрі суармалы жерлерде мелиорациялық іс-шаралардың тиімділігін арттырады. Түркістан облысында шаруаларды сумен қамтамасыз ету жұмыстарын үйлестіру мақсатында Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының орынбасарлары аталған аймақта жүр.
Жиын барысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Түркістан облысында ылғалды көп қажет ететін дақылдарды рұқсатсыз егудің, сондай-ақ оңтүстік өңірлерде суды заңсыз пайдаланудың фактілері анықталғаны туралы баяндады.
Олжас Бектенов қолда бар су ресурстарын тиімді пайдалануды қатаң бақылауды қамтамасыз етуді және мұндай фактілерге жол бермеуді тапсырды. Түркістан облысы әкімдігіне халықты үздіксіз сумен қамтамасыз ету үшін алдын ала тиісті шаралар қабылдау міндеті жүктелді. Тиімділік пен үнемділікке, ведомствоаралық өзара іс-қимылға баса назар аудара отырып, су тәуекелдерін алдын ала басқаруға көшу қажеттігі атап өтілді. Ылғалды көп қажет ететін дақылдарды рұқсатсыз егуге жол берген лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады.
Сонымен қатар жиында Атырау және Маңғыстау облыстарының тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету үшін жерасты сулары кен орындарының ресурстарын пайдалану бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды.
Рrimeminister.kz