Қазақстанда туберкулезді емдеу мерзімі қысқарды
Енжі пациенттер инъекциялық емсіз, тиімді және қауіпсіз емдеу тәсілдеріне толық қол жеткізе алады, деп хабарлайды arainfo.kz
Қазақстанда туберкулез инфекциясына қарсы профилактикалық және емдеу шаралары жаңартылып, тиімділігі жоғары заманауи әдістер енгізілуде. Емдеу ұзақтығын 6 айдан 1–3 айға дейін қысқартатын рифапентинпрепараты қолданылып, туберкулездің алдын алудың жаңа режимдері іске асырылуда.
2025 жылдың алғашқы алты айында профилактикалық еммен 8 633 адам қамтылды, оның ішінде балалар – 55%, ересектер – 45%. Бұл шаралардың тиімділігі 93%-ды құрап, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) кемінде 90% стандартына толық сай келді.
Профилактикалық емдеу, әсіресе туберкулезге шалдығу қаупі жоғары топтар арасында, аурудың таралуын тежеуде шешуші рөл атқарады.
Қазақстанда туберкулезді диагностикалау мен емдеу Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемішеңберінде тегін жүргізіледі. Пациенттер инъекциялық емсіз, тиімді және қауіпсіз емдеу тәсілдеріне толық қол жеткізе алады.
Көп дәріге төзімді туберкулезді емдеу ұзақтығы 24 айдан 9–12 айға дейін қысқартылды. Сонымен қатар, претоманид (BPaL/BPalM) препараты қолданылатын ДДҰ ұсынған жаңа емдеу режимі бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл режим емдеу мерзімін 6 айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Жүргізіліп жатқан іс-шаралар нәтижесінде:
Дәріге сезімтал туберкулезді емдеу тиімділігі – 90,8% (ДДҰ стандарты – ≥90%)
Дәріге төзімді туберкулезді емдеу тиімділігі – 86,4% (ДДҰ стандарты – ≥80%)
Туберкулез жағдайлары «Туберкулезбен ауыратын науқастардың ұлттық тіркелімі» ақпараттық жүйесінде тіркеліп, мониторинг пен бағалау жүйелері күшейтілді.
Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде амбулаториялық ем жүргізу үшін 455 фтизиатр кабинеті және 2564 тікелей бақыланатын емдеу (ТБЕ) кабинеті жұмыс істейді.