Білгім келген бір сұрақ?

Мамандық таңдауда кәсіби кеңесші қажет пе?

Қоғам дамыған сайын жаңа мамандықтар, жаңа қызмет түрлері пайда бола бастады. Қазір әлем бойынша 50 мыңға жуық мамандық бар екен. Ауқымды таңдау жасау мектеп бітіруші түлектерге ғана емес, тіпті ересек адамның өзіне қиынға соғады. Содан болар, қазір мамандық таңдауға көмектесетін профориентолог мамандарға сұраныс артып келеді.

Профориентолог – мамандық таңдауға немесе мамандығын ауыстырығысы келетіндерге көмектесетін кәсіби маман, кәсіптік бағдар беруші. Осы бір мамандардың қызметін көпшілік әлі күнге дейін толық түсіне бермеуі мүмкін. Әсіресе, болашағын енді ғана бағдарлай бастаған жасөспірімдер үшін бұл мамандықтың маңызы зор екенін екінің бірі біле бермейді.

Қазіргі таңда мамандық таңдауда қателесу – көптеген жастардың алдында тұрған үлкен мәселелердің бірі. Бірі ата-анасының қалауымен, енді бірі досының жолын қуып немесе жай ғана баллы жететін мамандыққа түсіп, кейіннен өз бағытын таппай жүретінін жиі көреміз. Осындай сәтте балаға бағыт-бағдар беретін, өз мүмкіндігін дұрыс бағалауға көмектесетін – профориентолог маман.

Мамандық таңдау – өмірлік жолыңды, болашағыңды айқындайтын маңызды шешім. Сондықтан бұл шешімді кездейсоқ қабылдауға болмайды. Ал осы шешімді дұрыс жасау үшін кәсіби көмек, жан-жақты сараптама, терең психологиялық қолдау қажет. Осы бағытта педагог-профориентологтардың атқаратын рөлі ерекше.

Осы орайда жаңа дәуір мамандығының қыр-сырымен тереңірек танысу үшін мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының педагог-профориентолог маманы Сандуғаш Жайшыбековамен тілдестік. Ол өз жұмысында оқушылармен жеке және топтық кездесулер өткізіп, әр баланың қызығушылығы мен қабілетін анықтау үшін түрлі диагностикалық әдістерді қолданатынын айтты.

Жалпы кәсіптік бағдар беруші мұғалімдер бұрыннан болған. Бірақ аса сұранысқа ие болмаған. Соңғы 3 жылдан бері ата-аналар да, балалар да «Профориентолог деген кім? Немен айналысады?» деген сияқты мәліметтермен таныс болып, әлеуметтік желі арқылы мамандардың көмегіне жүгінуде. Биылғы оқу жылынан бастап әр мектепте психолог сияқты профориентолог маманы да жұмыс істеу керек деген ереже енгізілді, – дейді Сандуғаш Жайшыбекова.

Өкінішке қарай, профориентогтардың барлығы кәсіби маман деп айта алмаймыз. Бұл мамандық біздің елімізде ешқандай жоғары оқу орнында кәсіби түрде оқытылмайды. Сондықтан өз бетінше онлайн курстарды немесе шетелдік оқыту курстарын оқып, тәжірибе жинақтап жүрген мамандар жұмыс істеп жатқан көрінеді.

Сондай-ақ Салтанат Сманқызы бүгінде балаларының болашағына алаңдап, кәсіби маман көмегіне жүгінетін ата-аналардың көп екенін айтады. ақылдаса отырып шешім қабылдайтын ата-аналардың да саны артып келеді.

Маманның айтуынша кәсіптік бағытта баланы мамандық таңдауға дайындау 7-сыныптан басталады. Яғни, бала осы кезде қабілетін өзі де түсінеді, ата-анасы, ұстаздары да байқайды. Сол себепті 6-сынып бітіргеннен кейін баланың қабілетін ашып, дамыту керек. Мысалы, бала суретке бейім болса, өнер үйірмелеріне берген дұрыс. Сондай балалардан суретші, дизайнер, архитекторлар өсіп шығады. Ол 9-сыныпқа келгенде болашақ мамандығын нақты білу керек.

Ал Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылындағы Тұрар Рысқұлов мектебінің кәсіптік бағдар беруші маманы Назира Солтанаеваның айтуынша, қазіргі уақытта ауыл балалары үшін мұғалім, дәрігер, тау-кен ісі мамандықтары ерекше сұраныста екен.

Мамандар жастарға болашақ мамандығына жауапкершілікпен қарауға кеңес береді. Бұл әрбір адамның өміріндегі маңызды сәт, оны жіберіп алмау керек және таңдауға байыптылықпен қарау керек.

Сымбат ҚУАНЫШ