Әлеумет

Жол саласындағы жас маман

Қазіргі таңда жастардың арасында жұмысшы мамандықтарына қызығушылық төмендеп бара жатқаны жасырын емес. Көбі табысы жоғары әрі жұмысы жеңіл, кеңседе отырып істейтін қызмет түрлерін таңдауға бейім. Алайда мұндай көзқарас барлық жасқа тән деп кесіп айтуға болмайды. Мәселен біздің бүгінгі кейіпкеріміз Назкен Такеева нәзікжанды бола тұра, жол саласы секілді ауыр әрі жауапты салада бес жылдан бері табандылықпен еңбек етіп келеді.

2019 жылы құрылған «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» республикалық кәсіпорнының негізгі міндеті – автомобиль жолдарындағы жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу, автомобиль жолдарын орташа жөндеуге ведомстволық сараптама жүргізу, диагностикалау және аспаптық тексеру, халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында автомобиль көлігі инфрақұрылымының қауіпсіздігін бақылау және жаңа технологияларды енгізу және тәжірибелік учаскелерді сүйемелдеу.

Бүгінгі таңда аталған кәсіпорынның өңірлік филиалында ер-азаматтармен иық тірестіріп еңбек етіп жүрген нәзікжандылар да жоқ емес. Облыстық филиалда лаборант болып қызмет атқаратын Нәзкен Такеева бұл мамандыққа өз қалауымен келген.

Кейіпкеріміз Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылында туып-өскен. Ол осында орта мектепті сәтті тәмамдаған соң, облыс орталығындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Мамандығы – «Стандарттау, метрология және сертификаттау». Байзақтық бойжеткен жоғары оқу орнын аяқтаған соң, оңтүстік астанамыз Алматы қаласына жол тартқан.

Әрине кез келген жұмыстың өзіне тән қызығы мен қиындығы болары анық. Ал Назкеннің қыз баласы да болса да, жол саласындағы жұмысын тиянақты орындап, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып жүргені көп жасқа үлгі-өнеге.

Назкен Такееваның мамандығына деген жауапкершілігі мен өз ісіне берілгендігі – жастар үшін жақсы үлгі. Мұндай мысалдар жұмысшы мамандықтарының әлі де үлкен беделге ие екенін екенін, бұл бағытта нәтижелі еңбек етіп жүрген білікті кадрлардың бар екенін көрсетеді.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ