Әлеумет

Техниканың тілін тапқан

Техниканың тілін меңгеріп, ауыр жүк көліктерін жүргізу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл жұмысқа жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен табандылық қажет. Жұмаділлә Төлегенұлы тау-кен өндірісінде осындай талап биігінен көрініп, өз ісінің білгірі атанған мамандардың бірі.

Түркістан облысына қарасты Кентау қаласының іргесіндегі Ашсай ауылында 1959 жылы дүниеге келген Жұмаділлә Төлегенұлының балалық шағы қарапайым, еңбекке жақын ортада өтті. Сол дәуірдің тыныс-тіршілігіне сай жас күнінен бастап тіршіліктің ащы-тұщысын ерте сезініп, өмір мектебінен сүрінбей өтуге бекінді.

М.Горький атындағы №8 орта мектепте оқып, тәртіптілігімен, ұқыптылығымен көзге түскен. Мектепті тәмамдаған соң азаматтық борышын өтеу үшін Украина жеріне аттанады. Әскерден аман-есен оралған соң туған топырақтан жырақтамай, өзінің ата-анасы мен ағайын-туысының ортасына қайта оралды.

Еңбек жолын туып-өскен ауылында қарапайым, бірақ аса жауапты жұмыстан бастайды. Сол жылдары көлік жүргізушісі болу елдің жүгін көтеріп, ауыл тіршілігінің күретамырына айналу болатын. Жұмаділлә Төлегенұлы бұл міндетті де үлкен жауапкершілікпен атқарды.

«БелАЗ» жүргізу тек күш-жігер мен тәжірибені ғана емес, шексіз сабыр мен асқан дәлдікті, темірдей тәртіпті талап етеді. Осы қажырлы еңбегімен ұжым арасында үлкен беделге ие болып, әріптестеріне үлгі, кейінгі жастарға жол көрсеткен аға буын өкіліне айналды.

Алайда, уақыт пен заманның тауқыметі ешкімді айналып өтпейтіні белгілі. 1990 жылдардың соңында елімізде басталған экономикалық дағдарыс толқыны көп саланы күйретіп, мыңдаған азаматты жұмыссыз қалдырғаны тарихтан белгілі. 1999 жылы бұл ауыртпалық Қаратау тау-кен өңдеу комбинатын да айналып өтпеді. Қысқартуға ұшыраған өндіріс ошағынан Жұмаділлә да босатылып, бір сәтте тұрақты жұмыстан, жылдар бойғы қалыптасқан тірліктен қол үзуге мәжбүр болды. Бірақ ол тағдыр салған қиындыққа мойыған жоқ. Жастайынан еңбекпен шыңдалған азамат мұндай сәтте де тығырықтан шығар жол таба білді.

Уақыт – ұлы сыншы. Ол адамның өмір жолындағы әрбір қадамын, әрбір ісін екшеп, бағасын беріп отырады. Ал сол уақыттың таразысынан сүрінбей өткен азаматтар ғана нағыз еңбек майдангері, елдің арқатұтар тұлғасына айналады. Осындай азаматтың бірі – Жұмаділлә Төлегенұлы. Тағдырдың түрлі сынақтарына табандылықпен төтеп берген, маңдай терін ел игілігіне арнаған бұл жанның өнегелі өмірі – тұтас бір дәуірдің айнасы іспетті.

2010 жылы ел экономикасы жаңа қарқынмен дамып, өндіріс орындары қайта жандана бастаған шақта өз ісінің шебері ретінде Жұмаділлә Төлегенұлы бұрынғы жұмыс орны Қаратау тау-кен өңдеу комбинатына қайта шақырылды. Көпшіліктің алғысына бөленіп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете жүріп, ол тек жақсы маман ғана емес, шынайы адамгершіліктің үлгісін көрсетті.

Еңбек жолында талай белестерді еңсерген Жұмаділлә Төлегенұлы 2022 жылы зейнет жасына жетіп, құрметті еңбек демалысына шықты.

Іскер азаматтың осы жылдар бойы атқарған қажырлы еңбегі ескерусіз қалмады. Жаңатас қаласының 53 жылдық мерекесі қарсаңында қала әкімдігі тарапынан арнайы алғыс хатпен марапатталуы –сөзіміздің айғағы. Бұдан бөлек, өзі тұратын 1-ықшамаудан, 8-үйдің маңын көгалдандырып, көркейту бағытында жүргізген жұмыстарымен де көпшіліктің алғысына бөленді. Қала тұрғындары оның бұл жанашырлық бастамасын жоғары бағалап, үлгі тұтатын игі іске айналдырды.

Бүгінде Жұмаділлә Төлегенұлы – бір шаңырақтың тірегі, өмірдің қиындығы мен қуанышын қатар өткерген, отбасының ақылшысы, арқасүйері. Үш қыз бен бір ұлдың ардақты әкесі. Отбасы мүшелері үшін ол жай ғана әке емес, өмір мектебінің ұстазы, сабыр мен даналықтың үлгісі. Жұмаділлә Төлегенұлының өмір жолына көз жүгірте отырып, «Еңбек – ерлікпен тең» деген халық даналығы еріксіз еске түседі. Себебі оның ғұмыры маңдай термен келген адал еңбектің, қарапайым өмір сүру салтындағы үлкен парасаттың және туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің көрінісі.

Осындай азаматтар бар кезде ел еңсесі биік, ұрпақ тәрбиесі мықты болары анық. Жұмаділлә Төлегенұлының өнегелі өмірі – қазіргі жас буын үшін тек құрмет қана емес, үлкен тағылым. Оның жүріп өткен жолы – мағынасы терең, мазмұны бай, шынайы еңбек адамының шежіресі.