Әлеумет

Еңбек – жазасын өтеушілерді тәрбиелеудің тиімді тетігі

Еліміздің әрбір азаматын жұмыспен қамту – әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды шарттарының бірі. Бұл бағытта қылмыстық-атқару жүйесі де шет қалмай, сотталған азаматтарды еңбекпен қамтуға ерекше мән беріп келеді. Түзету мекемелеріндегі бос тұрған ғимараттарды тиімді пайдалану, жаңа жұмыс орындарын ашу – бұл салада еңбек ететін кәсіпкерлер үшін басым бағыттардың біріне айналды.

Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтардың еңбекпен айналысуы олардың қоғамға қайта бейімделуіне, сондай-ақ психологиялық тұрақтылыққа қол жеткізуіне сеп болады. Қазіргі таңда түзету мекемелерінде еңбекке тартылған азаматтардың қатары артып келеді. Олар абақтыда отырып-ақ адал еңбекпен табыс тауып қана қоймай, отбасына қаржылай көмек көрсетіп, тіпті мұқтаж жандарға да қол ұшын созып отыр. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер тарапынан да оң бастамалар жүзеге асуда. Олар сотталғандарды нақты атқарған жұмысына қарай еңбекақымен қамтамасыз етіп, керек-жарағымен жабдықтауға қолдау көрсетуде. Бұл бір жағынан әлеуметтік жауапкершіліктің, екінші жағынан қылмыстық-атқару жүйесі мен кәсіпкерлік құрылымдар арасындағы өзара тиімді әріптестіктің көрінісі.

Облысымыз бойынша бүгінде 21 жеке кәсіпкер түзету мекемелерінің ішкі аумағында, ал 3 кәсіпкер қала аумағында өндірістік бағыттағы жұмыстарын жүргізіп отыр.

Айта кету керек, кейбір түзеу мекемелерінде бос тұрған өндірістік нысандар жеке кәсіпкерлерге жалға беріліп, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Мұның өзі мекеме аумағында шағын өндіріс ошақтарының пайда болуына, ал жазасын өтеушілер үшін тұрақты жұмыстың құрылуына жол ашты.

Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы Динара Мұсаеваның айтуынша, жазасын өтеушілердің өмірге деген көзқарасын өзгерту, оларды пайдалы іспен айналысуға бейімдеу, уақытты тиімді өткізуіне мүмкіндік беру департамент қызметінің негізгі басым бағыттарының бірі. Жалпы алғанда бұл жұмыстар жазасын өтеушілердің қоғамға қайта оралуын жеңілдетіп, болашақта қылмыстық жолдан бас тартуына себепкер болатыны сөзсіз.

Сала мамандарының айтуынша, түзету мекемелерінде ұйымдастырылып отырған жұмыс орындарында жазасын өтеушілерге барлық қажетті жағдайлар жасалған. Жұмыс процесінің талапқа сай әрі қауіпсіз жүргізілуі үшін сотталған азаматтар арнайы жұмыс киімімен, қажетті құрал-саймандармен қамтамасыз етіледі. Бұл қажеттіліктер өндіріс орындарында қызмет көрсетіп отырған кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер есебінен жүзеге асырылады. Мәселен қазіргі таңда «ИП Теңізбаев» жеке кәсіпкерлігі түзету мекемесімен жасалған келісім аясында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Аталған өндірістік құрылымда бүгінде 40-қа жуық жазасын өтеуші тұрақты еңбекке тартылып, өз үлестерін қосып отыр.

Қазіргі таңда түзету мекемелерінде өндірістік цехтар мен жұмыс орындарын ашу мемлекет үшін де, жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін де тиімді бастамаға айналып отыр. Бұл бір жағынан еліміздегі өндірістік әлеуетті арттырып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтуға сеп болса, екінші жағынан бас бостандығынан айырылған азаматтарды қоғамнан алшақтатпай, пайдалы еңбекке баулуға мүмкіндік беретін әлеуметтік жоба. Ең бастысы еңбекке тартылған азаматтардың өмірге деген көзқарасы түбегейлі өзгеріп, олар өз болашағына жаңаша үмітпен қарай бастайды.

Осындай азаматтардың өзгеге де көмек қолын созуға, отбасына қаражат жіберіп, қоғам алдындағы қарызын өтеуге талпынуы бұл бастаманың адамгершілік тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да аса өзекті екенін айғақтайды. Сонымен қатар олардың оң өзгерісі туыстары мен жақындарына да үміт сыйлап, жаңа өмірге деген сенімін нығайтады.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ