Дін

Бет-жүзіңізді жасырсаңыз, жаза арқалайсыз

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – мемлекеттің басым міндеттерінің бірі. Осы мақсатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық орындарда бетті жабатын киім киюге тыйым салатын заңға қол қойды. Енді Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киімді киюге ресми түрде тыйым салынады. Бұл шара қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға және құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

Тәжірибе көрсеткендей, бет-әлпетті жасыру заңсыз әрекеттер кезінде жеке тұлғаны тануға едәуір кедергі келтіреді. Әсіресе жаппай тәртіпсіздіктер мен төбелестерге қатысушылар беттерін шарфтармен немесе маскалармен жасырып алады. Бұл – бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған аумақтарда да құқық бұзушыларды анықтауды қиындататын фактор.

Тонау, бопсалау, көлік құралдарын ұрлау, есірткі заттарын тарату және қару-жарақтың заңсыз айналымы сияқты ауыр қылмыстарды да көбіне өз келбетін әдейі жасырған адамдар жасайды. Бұл құқық қорғау органдары үшін жеке тұлғаны анықтау процесін күрделендіреді және қоғамдық қауіпсіздік деңгейіне кері әсер етеді.

Осыған байланысты заңнамалық норма жол берілетін және ықтимал қауіпті жағдайларды уақытылы анықтауға, сондай-ақ жедел ден қою үшін құқықтық негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге бейнебақылау жүйелері мен биометриялық сәйкестендіру құралдарының жұмысын едәуір тиімді етеді.

Айта кету керек, ұсынылып отырған тыйым кейбір ерекше жағдайларға қолданылмайды. Мәселен, адамның бет-әлпетін жабу медициналық қорытындымен немесе уәкілетті органдардың нұсқауымен расталса, сондай-ақ кәсіптік немесе қызметтік міндеттерге байланысты арнайы қорғаныс киімін кию қажет болған жағдайда бұл шектеу жүрмейді.

Қоғам бұл заңнамалық бастаманы түсіністікпен әрі азаматтық жауапкершілікпен қабылдайды деген сенім бар. Мұндай шектеулер халықаралық тәжірибеде де бар. Мәселен, Өзбекстан мен Қырғызстанда осындай нормалар қолданылып жүр. Францияда 2010 жылдан бастап қоғамдық орындарда бетті тұмшалайтын киім киюге тыйым салынса, Бельгияда бұл тыйым 2011 жылы енгізіліп, 2017 жылы Еуропалық сот тарапынан мақұлданды.

Жалпы алғанда аталған заңнамалық түзету зайырлы және қоғамдық-құқықтық сипатқа ие. Ол азаматтардың Конституциямен кепілдендірілген құқықтары мен бостандықтарына, соның ішінде ар-ождан мен дін ұстану еркіндігіне қайшы келмейді. Тыйым тек қоғамдық орындарда бет-әлпетті жасыратын киімдерге қатысты және бетті ашық қалдыратын діни элементтерге қолданылмайды.

Осы заңнамалық өзгерісті қабылдау – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған қосымша құқықтық негіздерді қамтамасыз етеді. Бұл түзету қоғамдық тәртіпті күшейтуге, қылмыс деңгейін төмендетуге, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және мемлекеттік билікке деген сенімді нығайтуға оң ықпал етеді.

Батырбек АТАМҚҰЛОВ,

облыс әкімдігі дін проблемарын

зерттеу орталығының маманы