Әлеумет

Баспасөз хатшысы құрметке бөленді

Төтенше жағдай кезінде адам өмірін құтқару ғана емес, оқиғаға қатысты ақпаратты халыққа шынайы әрі жедел жеткізу де аса маңызды. Өз ісінің хас шебері, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Сәуле Мұңатаева осы үдеден шыға білген маман. Қоғаммен байланыс орнату, шынайы ақпаратты уақытылы тарату, адамдардың үрейін басып, сенімін ақтау – оның қызметінің бір ғана қыры.

Сәуле Әсетқызының аталған саладағы жалпы еңбек өтілі 40 жылдан асады. Еңбек жолын университетте оқытушы болып бастаған маман 2009 жылы төтенше жағдайлар департаментіне жұмысқа орналасып, жауапты қызмет барысында өзінің жан-жақты қабілетін көрсете білді.

Облыста табиғат тосын мінез танытып не болмаса қайғылы оқиға орын алып жатқан кезде кейіпкеріміз апат ошағында жүріп, құтқару жұмыстары туралы ақпаратты уақытылы беріп отырды.

Ел жадында сақталған қайғылы оқиғаның бірі – 2021 жылғы Байзақ ауданындағы әскери бөлімдегі жарылыс. Осы кезде департаменттің жедел штаб құрамында болған Сәуле Әсетқызы журналистермен, блогерлермен тығыз байланыс орнатып, төтенше жағдай салдарын жою барысын қоғамға ашық әрі шынайы жеткізді.

Сол секілді 2024 жылдың ақпанында Қордай ауданында болған ақтүтек боран жолдарды жауып, тұрғындарды тығырыққа тірегені ел есінде болар. Осы кезде де білікті маман алғы шепте жүріп ақпарат таратып қана қоймай, қиын жағдайда қалған жандарға психологиялық көмек көрсетті.

Баспасөз қызметіндегі жұмыс тек ақпарат таратумен шектелмейді, ол халықпен тығыз байланыс орнатып, олардың сеніміне ие болуды көздейтін жауапты қызметтің бірі. Сәуле Мұңатаева осы салада табанды еңбек етіп, төтенше жағдайлар департаментінің ақпараттық саясатын ашықтық пен жауапкершілікке негіздей білді. Ол құтқарушылардың бейнесін қоғамға өз ісіне берілген, қиын сәтте бірінші болып көмекке келетін жанашыр жандар ретінде көрсетті.

Көп жағдайда өзі көзге түспей, бар назарды атқарылып жатқан істің маңыздылығына бұрып отырды. Даңқ пен дабыраны мақсат тұтпай, әрбір мәліметтің нақтылығы мен уақытылы жеткізілуіне басымдық берді.

Әріптестері Сәуле Әсетқызын тек баспасөз қызметінің жетекшісі ретінде емес, өз ісіне адал, кез келген жағдайға шын жүрегімен алаңдайтын, сабырлы әрі кәсіби тұлға ретінде ерекше құрметтейді.

С.Мұңатаеваның айтуынша, бұрынғыға қарағанда бұл салада жұмыс істеу қазір әлдеқайда күрделене түскен. Осыдан 13-14 жыл бұрын ахуал сәл жеңілдеу болған. Қазір халықтың басым бөлігі әлеуметтік желілерді белсенді қолданады. Журналистермен де тығыз қарым-қатынаста. Тәулік бойы қоңырау шалатындар өте көп. Бірі жолдың не себепті жабылғанын білгісі келеді, енді бірі басқа жағдайға қатысты нақты ақпарат іздейді. Осындай сәттерде әрбір мәліметті кезекші қызмет арқылы нақтылап алып, содан кейін ғана ресми түрде жариялайды.

Маусым айының соңында Сәуле Мұңатаева зейнетке шықты. Осы жылдар ішінде атқарған қажырлы еңбегі мен тынымсыз қызметі әріптестерінің жүрегінде терең із қалдырды. Ұжымы оны ақжарма тілектермен, шынайы құрметпен шығарып салып, жылдар бойғы адал еңбегі үшін алғыстарын білдірді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ