Қордайда 893,9 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбайдың қатысуымен брифинг өтті. Баспасөз мәслихатында ауданда жыл басынан бері атқарылған жұмыстар, алдағы жоспарлар туралы толыққанды ақпарат берілді.
Баяндамашының айтуынша, бүгінде аудандағы 41 елді мекеннің 36-сы газбен қамтылған. 2025 жылдың сәуір айында Керу ауылына газ құбырының құрылысы аяқталып, тұрғын үйлерге қосылған. Ал Бел, Мұзбел, Аңырақай, Бәйтерек ауылдарының ауылішілік газ құбыры құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, облыс әкімдігі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылған екен. Гвардейск қалашығының инженерлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 6 жоба қолға алынған. 6 жобаның жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу үшін мемлекет тарапынан 242,6 миллион теңге бөлініпті.
Дамира Сүгірбай Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін еліміздегі барлық елді мекендерді 100 пайыз сапалы ауызсумен қамту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Қордай ауданында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ