Жаңалықтар

Қазақстанда WorldSkills-2025 өңірлік чемпионаттары табысты өтті

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды arainfo.kz

2025 жылғы наурыз–маусым айлары аралығында Қазақстанның 20 өңірінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қатысуымен WorldSkills-2025 өңірлік чемпионаттары өтті. 

Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге бағытталған байқауға 5044 студент қатысып, олардың жұмысын 5759 кәсіби сарапшы бағалады. Чемпионаттар ел бойынша 600-ге жуық колледж базасында ұйымдастырылып, 900-ден астам құзыреттілік қамтылды.

Ең көп құзыреттілік ұсынылған өңірлер қатарында Ақтөбе (77), Ақмола (62), Батыс Қазақстан (60) және Қостанай (59) облыстары бар.

WorldSkills чемпионаттары – студенттердің кәсіби дағдыларын шыңдауға және колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтуға арналған маңызды алаң. Үздік қатысушылар дипломдармен, медальдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Өңірлік кезеңде озық шыққан студенттер желтоқсан айында Астанада өтетін республикалық чемпионатқа жолдама алды.