Ойыншық аппараттары – құмарлыққа апаратын төте жол
Қазір кез келген сауда орталығына, супермаркетке, ойын-сауық кешеніне, тіпті шағын дүкенге бара қалсаңыз, ойыншық автоматтары алдыңыздан қарсы алады. Түрлі-түсті шамдары жарқырап, ойыншықтары көзді арбайтын бұл құрылғы балаларды өзіне магниттей тартып тұрады.
Кейбіреулер үшін мұндай ойыншық аппараттарының тым көбейіп бара жатқаны даурығып, дабыл қағатындай мәселе болмауы да мүмкін. Алайда мамандар мұндай автоматтардың бала психологиясына едәуір зиян тигізетінін, тіпті болашақта лудомания (құмар ойындарға тәуелділік) секілді қауіпті әдеттерге итермелеуі мүмкін екенін айтып, алаудаңшылықтарын білдіріруде.
Бала ұтысқа қол жеткізген сәттегі қуаныш пен ұтылған кездегі үмітсіздікті қатар бастан өткеріп, бұл эмоционалды тербелістерге үйрене бастайды. Уақыт өте келе бұл әсерлерді шынайы өмірден іздеуге тырысады. Осылайша тәуелділіктің іргетасы қаланады. Кейінгі уақытта мамандар ғана емес, ата-аналар да жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен ойыншық автоматтарының қауіптілігін түсініп, әлеуметтік желілерде, баспасөз беттерінде мәселе етіп көтере бастады.
Әрине, өскелең ұрпақ тәрбиесіне немқұрайды қарамай, бұл ойын түрлеріне мемлекет тарапынан тоқтам болар деп үміттенеміз. Алайда алаңдаған ана көңілдеріне сеп болар деген үмітпен психолог мамандардың кеңесін ұсынғанды да жөн көрдік.
Ең біріншіден ата-аналар баласының қай жерде және қаншалықты жиі ойнайтынын бақылауда ұстауы керек. Сонымен қатар, ұтыс пен сәттіліктің кездейсоқ екенін, оған сеніп қалудың қауіпті салдары болатынын балаға түсінікті тілмен ұғындыру қажет. Нақты нәтиже беретін, пайдалы әрі шығармашылық қабілетін дамытатын балама ойын түрлерін ұсынған жөн. Ең бастысы – ересектердің өздері де лотерея, ойын автоматтары сияқты құмарлық тудыратын дүниелерге әуестенбеуі тиіс. Өйткені бала ересектердің әрекетін қайталауға бейім келеді.
Бала психикасы – өте нәзік. Оның болашағына жол сілтейтін – дәл осы шақтағы тәрбиесі. Кездейсоқтыққа негізделген ойындар баланың бойына тәуелділіктің дәнін себуі мүмкін екенін естен шығармайық.
Сымбат ҚУАНЫШ