Балалар басылымдары – рухани бұлақ көзі
Бұрын мектепте оқып жүргенімізде «Мөлдір бұлақ», «Айгөйлек», «Ақжелкен» журналдары мен «Ұлан» газетіне жазылып, оларды асыға күтіп оқитын едік. Қолымызға тиген бойда парақтап шығуға асығатынбыз. Балаларға арналған басылымдардың арқасында оқуға, жазуға қызығушылығымыз артты. Жаңа сөздер үйреніп, ойымызды жеткізуді үйрендік.
Қазір заман өзгерді. Ақпараттың негізгі көзі интернетке ауысты. Бірақ соған қарамастан, бұл басылымдар да заман ағымына сай жаңғырып, жұмысын жалғастырып келеді.
Бүгінгі таңда балалар басылымдарында жеткіншектердің жас ерекшелігіне сай ертегілер, тақпақтар, күлкілі комикстер, түрлі тапсырмалар мен ойындар, сурет салуға арналған беттер және білім мен тәрбиеге байланысты өзбек, орыс, ағылшын тілінде жазылған мақалалар беріледі.
Интернет, смартфон, жасанды интеллект өмірімізге мықтап енгеніне қарамастан, балалар мен жасөспірімдерге арналған дәстүрлі басылымдарға деген қызығушылық әлі де бар.
«Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлының айтуынша, сүйікті балалар басылымының тарихы 1992 жылдан басталған.
Балалар журналы – баланың рухани азығы. Жас өрендерге арналған басылымдар оқушыны біліммен қаруландырып қана қоймай, оны мәдениетті, тәрбиелі, ойшыл азамат етіп қалыптастыруға жол ашады. Сондықтан балалардың бос уақытының бір бөлігін осындай пайдалы басылымдарға арнау, олардың болашағына зор пайдасын тигізеді.
Бас редактордың айтуынша, балалар журналдарын оқу арқылы балада кітапқа, оқуға деген қызығушылық оянады.
Балалар журналдары жас ұрпақтың саналы, тәрбиелі, білімді болып өсуіне бағыт беретін рухани бұлақ. Осындай құнды басылымдарды оқи отырып, жас жеткіншектер білімін тереңдетіп, жандүниелерін рухани байыта алады.
Сымбат ҚУАНЫШ