Білгім келген бір сұрақ?

Жастар неге ойсыз үйленіп, мұңсыз ажырасады?

Атам қазақ қыз баланы қонақ көріп, жастайынан жатжұрттық екенін санасына құйып, оның Алладан жеткен аманат екенін, ертең өз отбасы, ошағы болатынын ұқтырып өсірген. Келін атанып, өзге үйдің босағасын аттағанда қызына «Тастай батып, судай сің» деп бата берсе, құдаларына «Еті сенікі, сүйегі менікі» деп айтқанын да білеміз. Бұл сөздің астарында талай мән жатыр.

Бұл бұрын. Қазір заман өзгерді. Бәрі жаңаша. Әке мен қыздың әңгімесі жарасып, аға мен қарындасының көзқарасы үйлесіп, сіңісіп, жарасымын тауып кеткелі қашан. Мұны заманауи үрдіске бет бұру дейміз. Алайда әйелдің ерден еш кем емес екенін, оның да еш қымсынбастан өз ойын жеткізуге хақылы екенін түйсінген сайын әйел өзінің ең басты статусын жоғалтып алғандай. Бұрын отанасы өз отбасының ұйытқысы болып, бар ғұмырын ерінің есіктегі басын төрге сүйреуге арнаса, бүгінде жаулығын шешіп, қолын сілтеп кете барғанды оңайырақ санайды. Себебі бүгінгі әйел өзінің басшы да, бастаушы да бола алатынына көз жеткізді.

Әйел мен ердің тең дәрежелі болғаны тиімді болғанымен, біздің қазақи ұлттық құндылығымызды кейбір тұста жоққа шығарып, кей қағидамызды ысырып жіберетінін мойындайық. Осы тұста өткенге көз жүгіртсек, қазақи тәрбие алып, отбасы, ошақ-қасынан ұзамаған аналарымыз ұлттық құндылыққа сүйеніп, ажырасу деген ұғымды тіпті түсінбей өткен десе де болады. Олар ажырасуды ар санаған. Сондықтан тағдырдың салғанына көнген әз аналар тіпті «күйеуі бар әйел таяқ жейді, күйеуі жоқ әйел тас шайнайды» деп түйсініп, қандай жағдай болмасын күйеуінен айырылмаған. Мұндай жағдай ілуде бір кездескен. Отбасының шырқы бұзылып, келеңсіз жағдайға ұшырағандар өте сирек болғандықтан, көзге шыққан сүйелдей көрінгені айдан анық.

Көпке топырақ шашудан әрине аулақпыз. Бірақ қазіргі заманауи әке мен шеше қызы өзге босағаны аттаған соң, әлденеден көңілі қалса «ішіме сыйған қыз сыртыма да сыяды» деп құлаққағыс етіп қояды. Бітті. Мұны естіген өзі жас, өмірлік тәжірибесі аз келін қайдан оңалсын? Ә дегеннен әлденеден көңілі жасып қалса болды оп-оңай төркініне қайта келе салады. «Ет сасыса тұз себеді, қыз сасыса не себедінің» кері келген тұс та осы емес пе?! Біздің қоғамда отбасының ойраны шығып, ажырасудың жылдан-жылға көбейіп, арадағы бала тағдыры тәлкекке түсіп жатқаны жанға батады...

Ажырасудың көбейіп бара жатқаны психологтарды да алаңдатып отыр.

Тәжірибелі психологтардың айтуынша, алғашқы үйленген жылдар жас отбасы үшін ең қиын уақыт екен. Себебі бұл – әлі де бір-бірін тани қоймаған екі адамның бір-біріне үйрену кезеңі. Осы кезеңде бір-бірін түсінуге, өз отбасын бәрінен биік қойып, сақтап қалуға тырысып, сабырлық танытқандар ғана барлық қиындықты жеңіп шығады.

Иә, күні бүгін жас жұбайлар психологқа жиі жүгінеді. Жанұяны сақтап қалу барысында мұның әсері де зор. Бірақ отбасылардың шаңырақ көтере сала емес, әбден титықтап, шаңырақ шайқалудың аз-ақ алдында психологқа жүгінетіні өкінішті. Негізі бәрінің алдын алған дұрыс. Әсіресе басқосуға ниеттенген екі жас үйленбей тұрып келісімге келіп, кімге не ұнамайтынын біліп алғаны абзал.

Сондай жас жұбайлардың бірі Қанағат пен Айсара бас қосқалы түрлі жағдайды басынан кешірген. Сондықтан екі жас отбасын сақтап қалу үшін махаббат, күйіп-сүю аздық ететінін бірге ғұмыр кешкен бес жылдық тәжірибесінде мықтап түйсініпті. Ерлі-зайыпты күйбең тіршілікте ақыл-ой, сабыр мен сыйластық және басқа да жақсы қасиеттермен қатар сабырлы болудың маңызы зор екенін түсінгендіктерін айтты. Ал ең қажеті бірі ашуланғанда, екіншісі үндемей қалуы көп нәрсені шешеді екен.

Иә, бүгінде отау құрған жастардың басты проблемасы шаңырақты шайқалтпаудан бұрын әрқайсысы өзін тыңдату, менмендік жолында бір-біріне жеңістік бермей, сөз асырмай, әркім өзінікін дұрыс санауында жатқаны көңіл қынжылтады. Ерінің ойы «Қатын жолда, бала белденің» кері болса, әйелі «бір шаңырақтан ашылмаған бақ екіншіден ашылар» деген пікірге бой алдырады. Сөйтіп, күні кеше ғана ұлан-асыр той жасап, мәңгілік бірге болуға серттескен ең жақын адамдар әп-сәтте табыспас жат адамдарға айналып шыға келеді.

... Баланы атұстарым деп құрмет тұтқан қазақ ұлын «ырысым» деп бағаласа, қызын «өрісім» деп аялаған. Әрбір ер баланы жігерін жасытпай, намысын жанып, үйдің тірегі, асыраушысы деп сыйлаған. Ал қыз баланы төрге оздырып, қызыл-жасыл дүние жиып, жатжұрттық деп аялап, бар жақсыны ұсына білген. «Барған жерінде бағы ашылып, тастай батып, судай сіңсе» екен деп, ертеңін уайым қылған.

Алайда, тағдыр әркімді әртүрлі жолға салады. Оспадар, дөрекі, масыл күйеудің қасындағы келіннің күні қорлықпен өтетіні бесенеден белгілі. Кейде керісінше, нәзікжандының мінезі шатақ болып, екі жақ табыса алмай жатады. Мұндайда таяқтың екі ұшы бар екенін ескерген де жөн.

Өмірде орын алып жатқан түрлі отбасылық оқиғаларға көз жүгіртсек, сан алуан мысалға кезігесің. Кейде ерлі-зайыпты тату болған күнде де күйеуінің туыстары қатал болып кездеседі. Қанша жерден жақсы болуға тырысса да, бірде қайын ене, енді бірде қайын апаға қылығы жақпай теперіш көреді. Әйелінің барлық «ерсі қылығы» үйдегілердің көмегімен күнделікті күйеудің құлағына жетіп отырады. Мұндай әрекеттің соңы жақсылыққа алып бармайды.

Бірде ата-енесінің түртпегінен мезі болып, не істесе де жақпайтынын ұққан келін үш бірдей ұлын ешкімге ескертпей дәрігерге апарып сүндеттетіп тастайды. Онсыз да әрбір болмашыны сөз етіп отыратын үй егелері үшін бұл үлкен соққығы айналады. Ал келін болса бұл қадамға әдейі барғанын жасырмайды.

Бұл оқиғаның соңы әдемі аяқталды. Алайда қанша тағдыр иесі бар, ғұмыр да соншалықты сан алуан екені аян ғой.

Бір-бірін соншалықты сүйіп, ынтызар болып қосылғандардың ажырасуына не себеп?! Кей ер-азаматтың әйелін таяқтың астына алуды зор мәртебе, абырой санайтыны несі? Әйелді өз меншігіне айналды деп есептеген күннен басынып, жұдырығын ала жүгіретіндерге не айтып, не түсіндіруге болады өзі? Нәзікжанды серігінің алдында шойын шапалағы дайын тұратындар өздерінің сондай аянышты күйінен хабардар ма екен? Әлде олар керісінше өздерінің қатынжанды еместігіне қуанады ма? Және де әр жұдырық жұмсаған сайын соны дәлелдей түстім деп масаттанады ма? Әйелі именгенін игілік көріп, абырой санайтындардың барлығы расында қайран қалдырады.

Жас келінге кейде шамадан тыс жүк артып, босағасын жаңа аттаған сәттен бауырына басудың орнына жатсынып, орынсыз сөйлеп, іс-қимылын сынап-міней берсе, онсыз да өзге жұрттың алдында қысылып жүрген жанына ауыр соққы болатыны сөзсіз. Жас келіннің инабаты мен ибасы жарасым тауып, барынша ізгілігін көрсете білсе, түбі қатты сөз жібіп, түйілген қабақ та ашылар. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бірнеше жыл қажет-ау. Ол енді келген жердің ақыл-ойының биіктігіне байланысты. Барлық мәселе келінді жұдырық пен таяқтың астына алуды мәртебе санайтындардың сойқан тірлігі мен сүйкімсіз қылығында жатыр. Ондайлар әйелін тоқпақтауды абырой деп біледі. Негізі қалған көңілдің шыққан жан екенін естен шығармау керек.

Қыз бала нәзікжанын жаралап, өмірін өксіте берген соң ашу мен ызаға бой алдырса, күндердің күнінде кеудесіне жинақталған өкініш кекке айналып кетпесіне кім кепіл?! Әйелін орынсыз ұрып, оспадарлық танытып жүрген ер кісілердің ісін ой елегінен өткізсең, түбі жақсылыққа апармайды. Оған түркістандық келіншектің 14 жыл отасқан күйеуін өлтіріп, бөлшектеп тастағаны дәлел сияқты. Немесе зина жасай бергені үшін кезекті сондай қыз-қырқынның соңынан кеткен күйеуі үйіне оралғанда, у беріп өлтірген алматылық келіншектің сот барысында «Өз ісіме өкінбеймін» деп берген жауабының астарында неше жылғы ыза мен кек жатқаны аян.

Бағзыда қазақ қоғамында ажырасу өте сирек кездескен. «Шыққан қыз шиден тысқары» деп түйсінген. Әмеңгерлік институты орынсыз неке бұзылуына, жетім-жесірлердің көбеюіне жол бермеген екен. Оның үстіне шариғат та да ажырасуды қолдамайды.

Қыздың бағы ашылмай төркініне қайтып келсе, алакөз қоғамның, психологиялық соққының, үлкен сөгістің астында қалған. Оның әр қылығы көзге шыққан сүйелдей ерсі көрінген. Ал ең үлкен себебі бұрынғының әйелдері өзін ерінен төмен ұстап, жолын кесіп, сөзін жерге тастамаған. Айтқанын мақұлдап, қашан да отағасының алдында көнбістік танытқан. Бұған «Алтын басты әйелден, бақа басты еркек артық» деген түйіндеме дәлел. Сөйтіп мақұлдап жүріп, отбасының отымен кіріп, күлімен шығып, қандай ауыртпалық болса да төзе білген. Міне сол бір төзімді мінезінің арқасында отбасы, ошақ-қасының татулығын нығайтып, сабырмен шаңырағының шаттығын шайқалтпай сақтап қалып отырған.

Осы орайда «Сүйіп қосылған екі жастың айдың-күннің аманында екі жаққа кетуіне көбіне не әсер етеді?» деген сауалнама жүргізген едік.

Ал Алтынбек екі рет отбасын құрып, екі некесі де сәтсіз аяқталыпты.

Гүлзада есімді келіншек болса күйеуінің еріншек, әрі ащы суға деген құмарлығының салдарынан екі жаққа кеткенін айтты.

Өз отбасыларының неден ойран болғанын барлық жұп ашып айтты. Бір қарағанда бүлінген түк те жоқ сияқты болғанымен, ертеңі беймәлім, белгісіз. Көбіне еркіндік сүйіп, айтқанынан қайтпайтындардың кесірінен көптеген отбасы ажырасып кететіні өкінішті.

Осы орайда ақын Мұхтар Шахановтың «Жұбайлар бар әңгімесі таусылған» деген өлеңі еріксіз ойға оралады:

Сүйіктім-ау,
Сәнсіз өмір мәнді ме?
Мәнсіз адам шырқай алмас әнді де.
Бәсеңдетпе,
Қарлықтырма дауысыңды,
Бақытсыз боп қалмау үшін мәңгіге.
Сүйіктім-ау,
Әнсіз өмір мәнді ме?
Ән түзелсе, түзейміз ғой сәнді де.
Жұбайлар бар әңгімесі таусылған,
Ал махаббат – таусылмайтын әңгіме! – дейді ақын.

Аттаған ақ босаға, түрілген шымылдық пен көтерген шаңырақтың биігінде ең алдымен әйелдің құрбандығы тұрады. Себебі, ол екі рулы елдің ғана емес, балаларының да болашағын ойлайды. Ата-анасының мейіріміне бөленіп өссе дейді. Сондықтан көбіне іштен тынып, мойынсұнады. Өз таңдауы болған соң, болған жайтқа болаттай берік болуға тырысады. «Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген түсінікпен төзе біледі. Бәрін сабыр мен ақылға жеңдіреді. Көп жағдайда отбасылық қиындықтың арғы жағында көнбістік байқалады.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ