Әлеумет

Құрметке лайық гидротехник

Ел ішінде еңбегімен еленіп, адал қызметімен абыройға бөленген азаматтар аз емес. Жылдар бойы бір салада табан аудармай тер төгіп, кәсіби шеберлігімен, адамгершілік болмысымен кейінгі ұрпаққа өнеге бола білген мұндай азаматтардың есімі ел жадында мәңгілік сақталады. Осындай құрметке лайық жандардың бірі – Байзақ ауданында 45 жыл бойы гидротехник болып қызмет атқарған Әмірхан Байтарақов.

Әмірхан ақсақал 1930 жылы дүние есігін ашқан. Сол бір қиын-қыстау кезеңде, соғыстың суық лебі сезіле бастағанда анасы жалғыз баласының амандығын ойлап, түрлі қауіп-қатерден қорғау мақсатында құжаттағы туған жылын 1932 деп өзгертіп жаздырған.

Заман солай болған соң бала Әмірхан еңбекке ерте араласады. Бар болғаны 13 жасында тылда тер төгіп, қара жұмысқа жегіледі. Қарахан есімді досымен бірге арба айдап, жүк тасымалдаумен айналысады.

Тіршілік нәрін тиімді пайдалану, ел игілігіне жарату оңай шаруа емес. Бұл сала үлкен жауапкершілік пен ұдайы ізденісті талап етеді. Ә.Байтарақов осы бір күрделі де аса маңызды салада ұзақ жылдар бойы тынымсыз еңбек етті. Ауданның ауылшаруашылығы саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Қай істі де тиянақтылықпен атқарып, әріптестері мен ел арасында зор беделге ие болды. Ал жары сауыншы болып еңбек еткен.

Бүгінде Әмірхан ақсақалдың ұрпақтары атасының ғибратты ғұмыры жайлы мақтанышпен әңгімелейді.

Жұмысшы мамандықты меңгеріп, өнер мен мәдениеттен де алыстамай, салт-дәстүрге берік болып, қиналғандарға қол ұшын созу жолында да кейіпкеріміз өз бағытынан танған емес. Мұндай тұлғалар ұрпаққа үлгі болып, тарихта есімдері алтын әріптермен қалуы тиіс.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ