Есеп үшін емес, ел үшін еңбек ететін орталық
Мемлекеттік басқарудағы тиімділікті арттырып, нәтижеге бағытталған жұмыс жүйесін қалыптастыру – қазіргі заманның ең өзекті талаптарының бірі. Осыған орай, еліміздің барлық өңірлерінде жобалық басқару қағидаларын енгізу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл бағытта облысымыз озық тәжірибесімен ерекшеленеді. Жобаларды тиімді іске асыру мен басқарудың жаңаша үлгісін қалыптастыруда аймақтың жобалық басқару және цифрландыру орталығы маңызды рөл атқарып келеді.
Орталықтың жұмысы туралы кеңірек мәлімет алу мақсатында біз аталмыш мекеменің басшысы, тәжірибелі басқарушы, стратегиялық ойлаушы маман Гүлпара Алашбайқызымен сұхбаттасқан едік.
Облыстық жобалық басқару және цифрландыру орталығы екі маңызды бағытта жұмыс жүргізеді. Біріншісі мемлекеттік секторда жобалық басқару қағидаларын енгізу және екіншісі – цифрландыру. Бұл екі бағыт бір-бірін толықтырып, басқару мен есеп беруді автоматтандыру арқылы тиімділік пен ашықтықты қамтамасыз етеді.
Орталық басшысының айтуынша, жобалық тәсіл – басқарудың тиімділігін арттырумен қатар, мемлекеттік органдар арасындағы өзара әрекеттестікті күшейтеді, бюрократиялық кедергілерді жояды, тәуекелдерді басқаруға мүмкіндік береді және жаңа цифрлық шешімдерді енгізуге жол ашады. Бүгінгі күні бұл бағыттар бойынша аймақта көптеген ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Мемлекеттік басқаруда жобаларды орталықтандырылған түрде жүргізу үшін «Ұлттық жобалық офис» және оған бағынышты өңірлік жобалық офистер құрылған. Жобалар бірыңғай ақпараттық жүйеде (БАЖ) тіркеліп, нақты кезеңдерге бөлініп, ашық жүргізіледі.
Облысымызда жергілікті атқарушы органдар үшін 5 базалық бағыт айқындалған. Олар, адами капитал, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, инфрақұрылымды дамыту, агроөнеркәсіптік кешен, үлгілік базалық бағыт.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында осы бағыттар бойынша облыста 316 жоба жүзеге асырылуда. Жобалар жүйелі жүргізіліп, арнайы есептік жазбалармен тіркеледі. Қазіргі таңда 268 есептік жазба ашылып, әр жоба бойынша рөлдер, міндеттер нақты бекітілген.
Жобалық басқару аясында іске асырылып жатқан нақты жобалар – бұл тәсілдің өміршеңдігін көрсетеді. Айталық, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 2023-2025 жылдары 7 мектеп салу жоспарланған. Қазірдің өзінде 3 мектеп пайдалануға беріліп, тағы 4 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыстар кезең-кезеңімен бірыңғай ақпараттық жүйеде тіркеліп, бейнебақылау арқылы қадағаланады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының 2024 жылғы Жолдауында айтылған «1300 мектепті жаңарту» жобасы бойынша 2025-2027 жылдары облысымызда 66 мектепті жаңғырту көзделген. Оның алғашқы 10 жобасы биылдан бастап жүзеге асуда. Әр мектеп бойынша 28 іс-шарадан тұратын кешенді жоспар бекітілген.
Сонымен қатар Жұмысшы мамандықтары жылы аясында облыс бойынша 40 жоба бекітілген, оның 13-і толығымен орындалыпты. Бұл жобалар жастарды сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеуге және еңбек нарығына тиімді кіріктіруге бағытталған.
Мемлекет басшысының 2 миллиард ағаш отырғызу туралы тапсырмасына сәйкес, облысымызда 2023-2027 жылдары 143,031 миллион ағаш отырғызу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 9,4 миллионнан аса ағаш отырғызылып, бұл бағыттағы 13 орман шаруашылығының жұмысы ақпараттық жүйеде ашық көрсетіліп отыр. Сонымен қатар, 2030 жылға дейін орман алқабын 14,5 миллион гектарға дейін жеткізу жөніндегі бағдарлама аясында 14 жобаның құжаты тіркелген.
Облыста жобалық басқаруды енгізу және дамыту ісінде елімізге үлгі боларлық тәжірибе қалыптастырып келеді. Мұндай басқару тәсілі – ел дамуының жаңа сатысына, әділетті қоғамға бастар жол.
А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ