Цифрлық Қазақстан

Цифрлық сауаттылық педагогке де керек

Цифрлық технологиялар күнделікті өміріміздің әр саласына дендеп еніп, жұмыс істеу тәсілімізді, оқып-үйрену үлгімізді, тіпті бір-бірімізбен қарым-қатынас жасауды да түбегейлі өзгертуде.

Педагог ретінде цифрлық үдеріс 2020 жылы әлемді короновирус дерті дендеп тұрған уақытта өзінің қажеттілігін байқатты десем болады. Ақпаратқа жедел қолжетімділік, білімнің мазмұнын шапшаң тарату мақсатында түрлі платформалар арқылы берілген сабақтар цифрлық технологияның қажет екенін байқатты.

ЮНЕСКО-ның ұсынымдарына сәйкес заманауи педагогке технологиялық сауатты болу және өз оқушыларына тиісті технологиялық дағдылар мен машықтарды қалыптастыра білу жеткіліксіз. Заманауи мұғалім оқушыларға ақпараттық технологияны табысты қолдану, дағдыларын меңгеру және нәтижесінде толыққанды азамат, қызметкер болып өсуіне көмектесе алуы тиіс. Тереңіне бойласақ, білім беруді цифрландыру – бұл өзіндік мақсат емес, білім беру үдерісіне қатысушылардың жаңа құзіреттілігін қалыптастыру және дамыту құралы.

Білім беру жүйесін түрлендіріп жатқан өзгерістермен қатар, бұрын мүмкін болмаған жаңа технологиялардың әлеуетін қолдану мүмкіншілігі пайда болғанын да ескерген жөн. «Мүмкіндік шекарасын орнатудың жалғыз жолы – осы шекарадан тыс қадам жасауға тырысу» деген ағылшын жазушысы Артур Чарльз Кларктің сөзін еске алсақ, цифрландыруды қолдану бейімделген оқыту, зияткерлік оқыту жүйесі, оқушылардың жетістіктерін бағалау, болжалдау секілді кең спектр біздің өмір салтымызға, жұмыс жүйемізге еніп кетті.

Цифрландыруды енгізу және ақпараттың қолжетімділігі адамдарға көптеген жаңа мүмкіндіктер ашуда. Білім беруді цифрландырып қана қоймай, адамзаттың жаһандық білім беру жүйесіне қарай бет бұрған шағында ұлттық құндылықтарымызды негізге ала отырып, біз ұстаздар қауымы цифрлық технология арқылы сабағымызды сүйемелдеп, тәжірибе жинақтай отырып, өзімізге қажетін алып жұмыс істеудеміз. Білім беру саласындағы жаһандық үдерістер бірінші кезекте диверсификациямен, ақпараттандырумен тікелей байланысты. Кәсіби қызметіміздің барометрі білімімізбен өлшенсе, цифрландыруды саналы әрі тиімді қолдана білсек, бізге үлкен мүмкіндіктер ашары анық. Ол білім мен ғылымды қолжетімді етуге, адам еңбегін жетілдіруге, өндірісті автоматтандыру арқылы адам еңбегін жеңілдетуге, экономика мен әлеуметтік саланы дамытудың қуатты құралына айналады.

Алайда цифрландырудың тек артықшылықтарын ғана емес, оның салдарын да ой таразысынан өткізуіміз қажет. Адам арасындағы тікелей қарым-қатынас, ауызекі коммуникация, киберқауіпсіздік, циярлық теңсіздік секілді жаңа мәселелер туындамас үшін біз оны құндылық емес, тек сүйемелдеуші құрал екенін ұмытпағанымыз абзал.

Салтанат ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Антон Макаренко атындағы орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Тараз қаласы