Цифрлық Қазақстан

Трендтегі ұстаздар: «TikTok»-пен тәрбиелеп, «Instagram»-мен ілім үйрете ме?

Соңғы жылдары әлеуметтік желілер, әсіресе «TikTok» пен «Instagram» білім саласының өкілдері үшін де басты сахнаға айналып бара жатқандай. Бірі ән салып, екіншісі әзілге құрылған роликтер түсіріп, енді бірі түрлі іс-шараға қатысып, креативті контент арқылы көпшіліктің назарын аударып жүр. Кейбір мұғалімдер мен мектеп директорлары желі арқылы танымалдылыққа ие болуға ұмтылуда.

Әлеуметтік желі қолданушыларының бір тобы мұны заман ағымына сай «креатив», «жаңашылдық» деп бағаласа, екінші топ бұл үрдістің білім мен тәрбиенің беделіне кері әсер ететінін айтып, алаңдаушылық білдіруде.

Әлеуметтік желіні белсенді қолданушы Шынар Құрманғали «Facebook»-тағы парақшасында «Мектеп директорлары «TikTok» жұлдызына айналуы керек пе?» деген жазбасында бүгінде қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселені көтеріпті.

«Біздің қоғамда біреу танымал болса, шектен тыс басымызға көтеріп жіберетін әдет бар. Соңғы кезде «TikTok» арқылы танылған кейбір мектеп директорлары мен дін қызметкерлері қоғамның ерекше назарын аударуда. Біреуі ән айтып, біреуі шоу бағдарламаға қатысып, бірі тіпті ел аралап, қонақтан-қонаққа барып жүр. Ал желідегі жұрт «қандай креатив директор, қандай заманауи имам!» деп риза болып, қолдау білдіруде.

Алайда мәселенің екінші жағына да қарап көрейікші.

Мысалы, Ақмоншақ Нұртаза есімді мектеп директоры «Instagram»-да екі айда 200 мыңға жуық жазылушы жинап, желідегі белсенділігі күн санап артып келеді. Тағы бір астаналық директор «Instagram»-ға әзіл видеолар сала бастаған. Көп ұзамай бұл трендке өзге де мектеп басшылары ілесіп кетуі мүмкін. Енді ойлайсың, ертең барлық директорлар «TikTok» түсірумен, тренд қуу, қаралым жинаумен әуре болса, мектепті кім басқарады?

Білім беру жүйесінде дәл қазіргі уақыттағы басты мәселе – сапа мен кадр. «Жайлы мектептер» салынуда, бірақ оларда жұмыс істейтін білікті мұғалімдер жетіспейді. Университеттер педагогтарды жеткілікті мөлшерде дайындап үлгермей жатыр. Ал мектептер бос орындарды толтыру үшін кез келген педагог дипломы бар адамды жұмысқа ала салады. Бұл сапаға тікелей әсер етеді.

Осындай кезде мектеп директоры ең алдымен басқарушы, жауапты тұлға болуы тиіс. Оның уақыты, назары, мотивациясы контентке емес, оқу сапасы мен тәрбие жұмысына бағытталуы қажет. «TikTok» арқылы мектеп абыройын көтереміз десек, ол ұзақмерзімді нәтиже бермейді.

Айтқым келгені, креатив керек, заманауи болу керек. Бірақ білім беру саласындағы жауапты тұлғалар «TikTok» жұлдызы емес, сапалы білім мен тәрбиенің көшбасшысы болуы тиіс.

Келешек «TikTok»-та емес, мектептің ішінде қалыптасады», деп жанайқайын жазыпты.

Мәжіліс депутаты, бұрынғы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов та мұғалімдердің «TikTok» пен «Instagram»-дағы белсенділігіне қатысты пікір білдірді.

«Әрине қазір «TikTok», «Instagram», «Netflix»-тің заманы. Оны түсінеміз, бірақ бізде құндылықтар деген бар, мұғалімнің бейнесі деген бар, директордың өзінің бейнесі бар. Балаларға жақын болу өте маңызды. Мен өзім қазіргі уақытта ұстаздық қызмет атқарып жүрмін. Өзіміз оқушы кезімізде мұғалімдерді ерекше құрметтеп, тіпті дем ала алмай, тапжылмай отыратын сәттеріміз болды. Сондықтан ұстаздың бейнесі өте маңызды, имиджі өте маңызды, беделі өте маңызды. Рилстің аты рилс, жұмысты көрсету керек, балалармен жақын қарым-қатынас болуы керек. Бірақ балалармен анекдот айтып, түрлі трендтен қалмаймын деп жүргені сұрақ туғызады. Әр нәрсенің реті болуы тиіс. Сол себепті бұл бағытта министрліктің өзіндік бір ұстанымы болуы керек», деді Асхат Қанатұлы Adal Adam «You Tube» арнасына берген сұхбатында.

Ардагер ұстаз Үртай Тамабаева да қазіргі ұстаздардың желідегі белсенділігіне наразы екенін білдір

Жуырда Шымкент қаласында бір мұғалімнің мектептің дәлізінде жүріп келе жатып «TikTok»-тың трендіндегі бейнероликке түскені үшін айыппұл арқалауы – жоғарыдағы пікірлердің негізсіз емес екенін тағы бір дәлелдеді.

Бейнежазбада мұғалім оқушылар жоқ сәтте дәлізде жеңіл би элементтерімен қысқа видео түсірген. Бұл ролик әлеуметтік желіде тез таралып, жұрт назарын аударды.

Желі қолданушыларының бірі мұғалімді ақтса, енді бірі даттап, көпшіліктің пікірі екіге жарылды. Бірі «мұғалім де адам, көңіл көтеруге хақылы» десе, екіншісі «бұл білім ордасының абыройына көлеңке түсіреді» деп пікір білдірді.

Білім саласында ұзақ жыл еңбек еткен ұстаз Серік Кенжебаев мәселенің мәнісіне тереңірек үңіледі.

Жас маман Әсел Дәуренқызы – қалалық мектептердің бірінде бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарады. Заманауи технологияны, әлеуметтік желілердің әлеуетін дұрыс бағытта қолдана білетін педагог. Ол үшін желі – өз кәсібін насихаттайтын, оқушылармен және ата-аналармен байланыс орнататын пайдалы құрал.

Жас маманның айтуынша, ұстаздың желідегі белсенділігі білім мен тәрбие үдерісіне қызмет етуі керек.

Әлеуметтік желі – қазіргі заманның құралы. Бірақ ол ұстаздың беделін көтере ме, әлде түсіре ме, бұл әркімнің ұстанымына, парасатына байланысты.

Сондықтан мектептің, мұғалімнің, әсіресе директордың желідегі белсенділігі кәсіби шеңберден шықпауға тиіс. Өйткені ұстаздың беделі – уақытша тренд емес, ұлттың болашағына бағытталған мәңгілік миссия.

Айжан ӨЗБЕКОВА