Саясат

Референдум арқылы халықтың үні естіледі

Референдум – мемлекеттің ең маңызды мәселелерін халық болып шешудің басты тетігінің бірі. Сол арқылы әрбір әрекетімізді, атқарар істерімізді, еңсерер меже-міндеттерімізді өзара ақылдаса отырып, кемеліне келтіріп, жүйелі жүргізе аламыз.

Елімізде алғашқы референдум 1995 жылдың 29 сәуірінде өтті. Қазақстан Президентінің өкілеттік мерзімін ұзарту туралы республикалық референдум Президенттің Жарлығы жарияланған күннен бастап күшіне енетін жарлық негізінде өткізілді. Бұл референдумда «Сіз 1991 жылдың 1 желтоқсанында бүкіл халық сайлаған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттік мерзімін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартуға келісесіз бе?» деген жалғыз сұрақ қойылды. Референдум нәтижесінде Назарбаевтың президенттік өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды.

Одан кейінгі конституциялық референдум 1995 жылы 30 тамызда өтті. Сол кезде референдумға «Жобасы 1995 жылдың бірінші тамызында баспасөзде жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ қойылды. Жаңа Конституцияны сайлаушыладың 90 пайызы қолдап, осылайша елдегі басты құқықтық негіздер айқындалды. Содан бері 30 тамызда Қазақстанда мемлекеттік мереке – Конституция күні аталып өтіледі.

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үшінші референдум 2022 жылы 5 маусымда өтті. Бүкілхалықтық дауыс беру арқылы Конституцияға 30-дан астам бап бойынша өзгеріс енгізілді. Халықтың 77 пайыздан астамы ұсынылған реформаларды қолдады. Бұл тарихи оқиға Қазақстанның суперпрезиденттік басқару формасынан парламенттік-президенттік үлгіге көшу жолындағы нақты қадамы болды. Бұған дейін Ата Заңға өзгерістер депутаттар арқылы қабылданса, енді азаматтар өзі дауыс беріп, ойын, ықтиярын тікелей білдіру арқылы жаңарған Конституцияның қабылдануына ықпал етті. Еліміздегі басты бір саяси өзгерістің бірі және азаматтардың өз мемлекетіне, оның болашағына қатысы бар екенін, осы елдің азаматы екенін, билікке ықпал ете алатынын сезінуі осы болды. Референдум арқылы болған бұл конституциялық түзетулер халықтың жергілікті билікке ғана емес, сондай-ақ, тікелей Парламентке ықпал етуіне жол ашты.

Бұдан кейін референдум 2024 жылы 6 қазанда өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесі 2024 жылғы 6 қазанда референдум арқылы шешіледі деп мәлімдеді. Ел Президенті жариялаған референдумда әрбір қазақстандықтың, елім дейтін әрбір азаматтың таңдауы біртұтас елдің таңдауына айналды. Осылайша, өткен жылы елімізде атом электр стансасын салу бойынша бүкілхалықтық референдум өтіп, қазақстандықтар өз таңдауын жасады.

«Республикалық референдум туралы» Заңға сәйкес, референдум оны өткізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бір айдан ерте емес және 3 айдан кеш емес мерзімде өткізіледі. Референдумды тағайындау құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне тиесілі. Оны өткізуге Үкімет, Парламент немесе қазақстандықтардың өзі де бастама көтере алады. Яғни, маңызды деген мәселе бойынша референдум өткізу құқығына ие болады. Ерекше жағдайларда Республика Президенті референдум өткізудің басқа мерзімін белгілеуі мүмкін. Референдум бүкіл ел бойынша өткізіледі. Референдумға қатысу ерікті форматта іске асады. Бұл азаматтардың саяси белсенділігіне тікелей байланысты. Кейде референдумға келушілер саны көтерілген мәселенің мәніне сәйкес не көп, не аз болуы да ықтимал. Референдумға қатысу құқығы бар қазақстандықтардың жасы 18-ден төмен болмуы тиіс. Яғни заң бойынша шешім қабылдай алатын, таңдау жасай алатын жастағы азаматтар қатыса алады.

«Референдум бізге керек пе? Маңызды шешім қабылдауда референдумның рөлі қандай?» деген сауалға келетін болсақ, референдум – ең алдымен халықтың пікірімен санасу, ойы мен шешіміне құрметпен қарау.

Алдымен, референдумның не екенін түсініп алайық. Референдум жеке адамның емес, мемлекетті құрайтын қалың халықтың пікірін айқындайтын амал екенін түсінгеніміз жөн. Бұл ретте, еліміздің әрбір азаматының көзқарасы арқылы қалыптасатын жаңа саяси қадамдарды атай аламыз.

Жоғарыда айтқандай, еліміз алғашқы референдумды жақсы қабылдады. «Конституцияға өзгеріс енгізу керек пе?» деген сауал туындағанда, бүкіл ел өзіндік пікірін білдірді. Билік пен халықтың арасында байланыс пайда болды. Өйткені, халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Бір жағынан билікке деген сенім пайда болды. Бүгінде халық тарапынан туындаған қандай да бір мәселе болса, дер кезінде әлеуметтік желі арқылы, болмаса бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көтеріліп жатыр. Осыған сәйкес, құзырлы органдар да сол мәселеге бірден назар аударып, шешімін табуға жан-жақты атсалысуда. Ата Заңға енгізілген өзгерістерден бері, көптеген мәселелер көз алдымызда орын алып, оның шешімі дер кезінде табылуда.

Референдум еліміз үшін маңызды қадам. Өткен күздегі атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты референдум да бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өтті. Бұл мәселе де өз кезегінде қызу талқыланды. Мамандар да атом электр стансасының маңызы туралы айтты, түсіндірді. Елдің болашағы үшін халық өзінің шешімін қабылдады.

«Референдум бізге керек пе?» деген сауалдың жауабына келсек, еліміздің болашағына қатысты өзекті мәселелерді шешу үшін, әрине керек. Себебі, билік тарапынан қабылданатын маңызды да өзекті мәселелер халықпен бірге шешілуі керек. Билік халықтың пікірімен, ойымен, көзқарасымен, ұстанымымен санасуы қажет.

«Референдумның маңызды шешім қабылдауда рөлі қандай?» деген сауалға келер болсақ, маңызы зор. Өйткені, әрбір шешім ол ел игілігіне бағытталуы тиіс. Билік пен халықтың арасы жақын болған кезде ғана белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болады. Халық өз билігіне сенім артуы керек. Ал билік халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін барын салуы қажет.

Референдум өткізген уақыттарда Мемлекет басшысының ұсынысы халық тарапынан қолдау тапты. Осылай халық мемлекетті басқаруға қатысып, өзіндік үн қосты, дауыс беру мүмкіндігі артты. Азаматтардың конституциялық құқықтары күшейді. Демек, халық пен билік бір арнада тоғыса бастады.

Халықтың пікірі саналатын құжатқа қатысты жалпыхалықтық референдум осыған дейін 1995 жылы өткенін жоғарыда айтып өттік. Сол кездегі Конституциямыз әлемдік тәжірибені саралай отырып жазылған болатын. Конституция сол кезден бері еліміздің алға қарай дамуына жол ашқанын зор мақтанышпен айтуға болады. Әрі біздің Конституциямызда адамның жеке құқығы мен бостандығы, оны қамтамасыз ету қағидалары, мемлекеттік үкімет нысандары олардың қызметі айқындалған болатын.

Референдум арқылы халықтың үні естіледі. Қазақстан бүгінде бойын тіктеп, әлемдік аренада өзінің дамушы ел екенін көрсетіп келеді. Еліміз барынша экономиканы көтеруге күш жұмылдырып жатыр. Бағытымыз айқын, болашаққа нық жоспары бар елміз. Сондықтан, бүгінде еліміз үшін қабылданатын маңызды шешімдермен халықты құлағдар ету – дұрыс шешім.

Ең бастысы халқымыз референдум дегенді түсінді. Әрбір адам елінің игілігін ойлап, болашағын да бірге ойлап, алға қарай қадам басуымыз керек. Жоғарыда айтқандай, референдум мемлекет игілігі үшін жасалатын маңызды қадам десек, ал, осы маңызды шешімді қабылдайтын халық. Халықтың пікірі әрқашанда құнды. Референдум өтетін болса, қазақстандықтардың барлығы бірдей қатысып, белсенділік танытып, өз пікірін білдіруі маңызды. Ең бастысы ол шешім еліміз үшін тиімді болуы тиіс.

Өйткені, референдум арқылы елдік мәселелер шешіледі, ал, елдің игілігі бірінші орында.

Референдум деп ерекше атау берілгенімен, бұл сөздің мағынасы жалпыұлттық дауыс беру дегенді білдіреді. Жалпыұлттық деп аты айтып тұрғандай еліміздің біргіп, біртұтас болып, мәселенің шешімін табуға өзіндік ойы мен пікірін қосуы.

2022 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен Конституцияға өзгеріс енгізу туралы референдум өткен кезде, жұрт референдумның маңызымен кеңірек танысты. Оның еліміз үшін қажетті дүние екенін түсінді. Референдум халықты біріктіру екенін түсінді. Халықпен мемлекеттік мәселені шешті әрі оны талқыға салды. Референдум арқылы халық өз таңдауын жасады. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін барлығы бірауыздан қатысты, олардың өзгерісті күтіп жүргені анық білініп жатты. Бұрын мемлекеттік жоспар бөлек, ал халықтың жолы бөлек тұрғандай көрінетін. Ел Президентінің бастамасымен өткен бұл референдум арқылы халық болашаққа деген дұрыс жолды таңдады.

Қазіргі таңда қарапайым халық тек қана референдуммен ғана емес, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып орындалуын талап етіп жатыр.

Референдум тек Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінде де маңызды шешім қабылдау құралы ретінде қолданылады. Шетелдік дамыған мемлекеттерде бар тәжірибе. Әсіресе Швецария референдум көп өтетін мемлекет. Бұл ел референдум арқылы елдік мәселелерін талқылауға шығарып отырады. Ол елде кез келген мәселе ең алдымен халықпен талқыланады. Мәселен, зейнетақы мәселесі, денсаулық пен білім саласына қатысты мәселелер де күн тәртібінде қаралып, оған халық өз пікірін білдіріп отырады екен. Онда жыл сайын бірнеше референдум өткізіледі. Халық кез келген заңға вето қоя алады немесе бастама көтере алады. Былайша айтқанда, тікелей демократияның көрінісі. Мәселен, Ұлыбритания 2016 жылы Brexit референдумы арқылы Еуропалық одақтан шығу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім әлемдік саяси-экономикалық жағдайда елеулі әсер етті. Ресей мемлекеті 2020 жылы Конституциясына өзгерістер енгізу үшін бүкілхалықтық дауыс беру ұйымдастырды. Президенттік өкілеттіктер ұзарып, бірқатар әлеуметтік баптар қосылған. Ал, Франция, Канада, Италия секілді елдерде референдумдар сирек болса да, мемлекеттік деңгейдегі маңызды реформалар кезінде пайдаланылады.

Қазақстан – жас мемлекет. Бойын жаңа түзеп, оң-солын аңғарып дамудың жолына түскен. Сондықтан үлкен саяси реформалар орын алып жатыр. Әрине бұл реформалардың барлығы мемлекеттің мүддесі үшін жасала беретін болады.

Тарихымызға көз жүгіртсек халқымыз қаншама қиын да қилы кезеңдерді басынан өткерді. Ал қазір әлемдік аренада өз орнымызды қалыптастырып, ақырын ілгері жылжып келеміз. Біз мақтанышпен айта алатын бір қасиет, ол біздің бейбітшілік сүйгіш ел екенімізде. Қазір біз көк аспанның астындағы бейбіт елміз. Ең басты құндылығымыз да осы. Біздің дипломатиялық қарым-қатынасымыз жоғары деңгейде. Бұл да Президентіміздің саясаты.

Өз заманымызда болып жатқан ауқымды, әрі аса маңызды өзгерістерге оң баға беру үшін жиі-жиі өткен тарихымызға, ата-бабаларымыз басып өткен жолдарға жүгініп отыруға тура келеді.

Әрине, ол жолдардың бәрі тақтайдай тегіс болған жоқ. Талай ел билеген хандардың, билердің жалпы жұртымыздың алдынан «Ел болып қаламыз ба, қалмаймыз ба?» деген күдік пен күмән аралас сұрақ туындаған. Тығырыққа тірелген жағдайлар да болған. Сол бір сындарлы салмағы мол, ауыртпалығы санқилы, аласапыран шақтардан да әупірімдеп өттік.

Еліміздің басынан кешкен ауыр кезеңдерді айтпай, еске алмай тұра алмаймыз. Өйткені, халқымыздың басынан өткен жақсы күндер де, жаман күндер де, сан қияға соққан аумалы-төкпелі кезеңдердің баршасы бүгінгі ұрпаққа сабақ. Елдің басына қара бұлт болып төнген қандай қиын күндерімізден қиюын тауып алып шыққан, жұртын жұмған жұдырықтай етіп, жұмылдыра білген кемеңгер шешімді, ақылман хандарымыз, билеушілеріміз болғандығы тарихымыздан жақсы мәлім.

Ал, сол құдіретті хандарымыз Қазақ хандығының негізі қаланған Түрік қағанатының, оның ұрпақтары билік еткен, үш ғасыр бойы әлемді дүр сілкіндіріп мойындатып, салтанат құрған Алтын Орда, одан кейін пайда болған Ақ Орда, Көк Ордалардың мемлекеттік құрылым жүйесінен, елдік тұғырында қабылданып, тұтынған заңдарынан үлгі-өнеге алғандығы сөзсіз.

Бабаларымыз ел тағдырын айқындайтын тарихи шешімдерді бүкіл халық болып ақылдасып, бірге қабылдаған. Ұлытауда, Ордабасы мен Күлтөбеде өткен ұлы басқосулар – соның айқын дәлелі. Келелі жиында айтылған кесімді сөзге алты Алаштың баласы түгел тоқтаған.

Байырғы замандардағы хандарымыз іргелі істерде халықпен кеңес құрған, бұқарасының батасын алған. Бертінде қазақ көсемдері Мәңгілік ел құру жолында бас біріктіріп, бір тудың астына жиылып, Ұлытаудағы жақпар тастарға бірліктің бітімінің символындай төл таңбаларын қашап қалдырған.

Кезіндегі Қазақ хандықтарының атағы дүрілдеп, алысқа кетуі, қой үстіне бозторғай жұмыртқалап, ел-жұртын бақытқа кенелтіп, төңірегін түгел мойындатқан салтанатқа жетсе, сол кезде қазақ даласында дала демократиясының өрістеуінің нәтижесі еді. Біз бірліктің бастауы болған осы дала демократиясының дәстүрін жаңғыртуымыз керек.

Кешегі отаршылдық дәуірінде аяусыз қара күйе жағылып, империялық саясат ыңғайымен, «қарақшы», «қатігез», «баскесер», «залым», «тонаушы» деп әділетсіз баға берілген атауларымен тарихқа енген сол билеуші хандарымыздың өздері демократиялық бағытты берік ұстанды. Ел танып, таңдаған кемеңгер көсемдер, абыздар мен би-шешендер, ақын-жыраулары да мемлекеттік маңызды мәселелерге араласты, билермен тең құқылы болды.

Тарихтан белгілі, ел абызы Асан қайғы баба үлкен оқиға тұсында, Әз Жәнібек ханға «Әй, хан, мен айтпасам білмейсің!» деп арнау айтып, өткір талабын ханға айтып, жөнге салатын болған.

Сондағы оның арқа сүйегені – қарапайым халқы. Міне, қасиеті мол, қабырғалы елдің құдырет-күші деген.

Сондай-ақ, хандарымызға ақылшы, данагөй болған тағы бір абызымыз Бұқар жыраудың реті келгенде айбарлы арыстандай азулы билеуші Абылай ханның алдында «Халықтың қасында сен кімсің, кеше ғана Сабалақ атанып, Төле бидің түйесін баққан құл емес пе едің?» деп бет қаратпас мысымен ханның өзін тұқыртқанда, оған дем беріп, рухын көтеріп отырған халықтың өзі болатын.

Әйгілі абыз бабамыз еліне арқа сүйеп күш-қуат алған, ханнан именбеген. Біздер мақтан тұтатын нағыз елдік демократиялық сипат, өнегелі тарихымыз осы.

Сан ғасырлар бойғы тарих белестеріндегі аумалы-төкпелі кезеңдерге төтеп бердік. Қандай ел басына төнген аласапыран замандарда тоз-тоз болып, ыдырап, шашыра, кетсек те, бара-бара, біржола жоғалып кетпей, қайтадан жиналып, тұтаса бастадық. Бірлігіміз бен ынтымағымызды сақтай алдық. Мұздай қаруланып, жасанып, жерімізге қаһарын төгіп, ел іргесіне төніп келген тіпті жерімізге баса-көктеп, бойлай еніп кеткен, аямасқа бекінген жаудың бетін тойтара білдік. Халқымыз қанды қырғынға ұшырап, шығынға белшесінен батып, тіпті, жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрса да, бойларынан күш тапса, еңселерін тіктесе, жауларынан үстем түсіп отырса – мұның ең басты қуат-күші дала демократиясының сақталуында болды. Яғни, билеушісі мен бұқарасы бірігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла қарекет қылуында дер едік.

Қазақ халқында ауызбіршілік деген қасиетті ұғым бар. Біздің дана халқымыз о бастан елдік мәселені бірігіп шешуді көздеген. Қазір де бұл қадірлі қасиет бойымыздан жоғалған жоқ.

Олай болса, ел игілігі үшін мемлекеттік мәселелер шешілетін референдум халықтың қуаты мен күші болған дала демократиясының жалғасы деп айтуға толық негіз бар.

Асан ТІЛЕМІСОВ