Қоғамдық көлікпен қамту мәселесі толық шешіледі
Қоғамдық көлік – қала тіршілігінің күретамыры. Өткен жылдан бері Таразда қоғамдық көліктердің санын арттыру, жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынған. Бұл бағыттағы 3 жылдық жоспар екі жылда орындалды.
Дегенмен жыл басында Тараз қаласына қосылған 14 елді мекеннің тұрғындары тарапынан соңғы кездері шағым жиілеген болатын. Осы орайда облыс әкімі Ербол Қарашөкеев тасымалдың жай-күйімен танысу үшін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековпен бірге екі бағыттағы қоғамдық көлікке мініп, тұрғындармен тілдесті.
Талас стансасынан бастап (№62 маршрут) қозғалған алғашқы бағытта облыс басшысы қоғамдық көліктің сапасы, қозғалыс жиілігі мен халықтың жолға жұмсайтын уақыты жөнінде жолаушылардың пікірін тыңдады.
Жолаушылар уақыт жиілігі көңілден шықпайтынын, аялдамалар салу, осы бағыттағы автобустардың санын арттыру мәселелерін көтерді.
Келесі кезекте аймақ басшысы Қызыл Жұлдыз (№1 маршрут) елді мекеніне қатынайтын автобусқа мініп, бұл бағыттағы да ахуалды бағамдады. Ондағы көліктер ескі, тар, халыққа ыңғайсыз екені анық байқалды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі