Брифинг

Мойынқұмда ауызсумен қамтылмаған 4 ауыл бар

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаевтың қатысуымен брифинг өтті. Спикер ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндама жасады.

Ермек Амангелдіұлының мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында аудан экономикасында оң динамика қалыптасқан. Өнеркәсіп өндірісі 59,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,7 миллиард теңгеге артқан. Ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында 2,2 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,8 пайызды құрапты.

Мыңарал, Ақсүйек, Мирный ауылдарындағы тозығы жеткен электр желілерін ауыстыруға 2025 жылға облыстық бюджет есебінен 449,3 миллион теңге қаржы бөлініпті. Бүгінгі таңда Ақсүйек ауылындағы электр желілері мен бағаналарын ауыстыру жұмыстары 75 пайызға аяқталған. Ал Мыңарал ауылындағы электр желілері мен бағаналарын ауыстыру жұмыстарына дайындық жүргізілуде.

Жиын соңында аудан әкімі БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Сымбат ҚУАНЫШ