Қылмыстың алдын алу – қауіпсіз болашақтың кепілі
Облысымызда құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында қолға алынған кешенді жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы бағыттағы маңызды іс-шаралардың бірі – облыс орталығында өткен «Құқықбұзушылықтар превенциясы» тақырыбындағы форум болды. Жиында өңірдегі криминогендік ахуал, қылмыс себептері мен оларды азайту жолдары кеңінен сөз болып, құқық қорғау органдары мен жергілікті билік өкілдерінің бірлескен іс-қимылының маңыздылығы талқыланды.
Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали және өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты түзеу мекемелерінің басшылары мен пробация қызметінің өкілдері қатысты.
Басқосуда Ербол Шырақпайұлы қылмыстың алдын алу тұрақты және қауіпсіз болашақтың кепілі екенін баса айтты. Аймақ басшысының айтуынша, құқықбұзушылықтың өсуіне әсер ететін негізгі факторлар – халықтың әлеуметтік жағдайының төмен болуы, жұмыссыздық, тұрақты табыстың болмауы, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырмау, отбасылық бақылаудың әлсіздігі.
Аймақ басшысы сондай-ақ өңірдегі криминогендік жағдайды жақсарту бағытында мекемеаралық іс-шаралардың тұрақты түрде өткізіліп жатқанын атап өтті. Нәтижесінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыс – 20,5 пайызға, көшедегі қылмыс – 18,6, жасөспірімдер қатысқан құқықбұзушылықтар – 35, бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыстар – 23,1, мас күйінде жасалған қылмыстар – 9,1, топпен жасалған құқықбұзушылықтар 27,6 пайызға азайған.
Алайда отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылық 4 есеге өсіп отыр. Бұл – аса алаңдатарлық жайт. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру күн тәртібіндегі негізгі мәселе болып қала бермек.
Форум барысында Ербол Қарашөкеев құқықбұзушылықтың алдын алуда кешенді әрі үйлесімді тәсіл қажет екенін айтып, әлеуметтік осал топтармен нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Жиын барысында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров сөз алып, құқықбұзушылықтардың алдын алудағы ауыл әкімдері мен учаскелік инспекторлардың рөліне тоқталды.
Ал «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының маңыздылығы, отбасылық тәрбиенің рөлі туралы ойларын ортаға салды
Сондай-ақ форумда облыста жүзеге асып жатқан «Сотталғандардың аймақтық криминализациялауға әсерін азайту» жобасының тиімділігі атап өтілді. Бұл жоба аясында пробация қызметінің тиімділігі арттырылып, сотталғандарды қайта әлеуметтендіру бағытында нақты шаралар қабылданған. Нәтижесінде қайталама құқықбұзушылық 18 пайызға төмендеген.
Жиын соңында Ербол Қарашөкеев түзеу мекемесінің аумағындағы жаңа тігін цехының жұмысымен танысқанын, мұндай өндірістік кәсіпорындар өзге де түзеу мекемелерінде ашылуы тиіс екенін баса айтты.
Айжан ӨЗБЕКОВА