Жаңалықтар

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД №58 мекемесінде санитарлық-дезинфекциялық шаралар күшейтілді

Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 16 наурыздағы «Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылдың 16 наурызынан 15 сәуіріне дейін төтенше жағдай енгізу туралы» Жарлығына сәйкес, Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті № 58 мекемесінде сақтық шаралары күшейтілді, деп хабарлайды arainfo.kz

Осыған орай, мекемеде санитарлық-гигиеналық талаптарға ерекше көңіл бөлініп, бірқатар дезинфекциялық жұмыстар атқарылды. Тілді қамтамасыз ету бөлімі бастығының міндетін атқарушы Бақтияр Наурызбаевтың қатысуымен мекеме асханасында, кезекші бөлім ғимаратында, шаруашылық алаңда және қоймаларда залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.

Әлем жұртшылығын алаңдатқан COVID-19 індетіне байланысты санитарлық және дезинфекциялық шараларды күшейту – уақыт талабы. Өйткені «сақтансаң – сақтайды» дейді халық даналығы. Осы мақсатта мекеме аумағында тұрақты түрде дезинфекциялық және дератизация жұмыстары жүргізіліп келеді.

Жыл басынан бері жасалған келісімшарт негізінде әкімшілік ғимараттар, асхана, отрядтар мен жатақханалар сынды барлық нысандар қамтылып, залалсыздандыру жұмыстары толық көлемде жүзеге асырылуда.

ҚАЖД №58 мекемесінде мұндай алдын алу шараларының үздіксіз жүргізілуі — қызметкерлер мен жазасын өтеуші азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам.