Жаңалықтар

Тоқаев су шаруашылығы саласының қызметкерлерін марапаттады

Президент су шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, су – бүкіл тіршіліктің көзі, әлемдегі барлық ел үшін аса маңызды стратегиялық ресурс екенін айтты, деп хабарлайды arainfo.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су шаруашылығы саласы мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, судың стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.

Президенттің айтуынша, Қазақстанның жартысынан астам аумағы шөл және шөлейтті болғандықтан, су мәселесі ұлттық қауіпсіздік деңгейінде қаралуы тиіс. Соңғы жылдары бұл салада маңызды өзгерістер орын алды: жаңа Су кодексі қабылданып, Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды, ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда.

Бүгінде салада 30 мыңға жуық маман жұмыс істейді. 2023 жылы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті ашылып, грант саны екі есе артты. 500-ден астам студент бюджет есебінен оқып жатыр. Сонымен қатар, сала мамандарының жалақысы 25%-ға өсіп, Қытайда біліктілігін арттыруға мүмкіндік алды.

Президент таза ауыз сумен қамту, суды тиімді пайдалану мен үнемдеу мәселесіне де назар аударды. Қазіргі таңда 500-ге жуық ауылды сапалы ауыз сумен қамту — басты міндеттердің бірі. Су үнемдеу тарифі енгізіліп, жаңа технология қолданатын шаруаларға мемлекет тарапынан 80%-ға дейінгі өтемақы қарастырылған. Қазір 470 мың гектарға жуық жер заманауи жүйемен суарылады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану, су дипломатиясын дамыту, Орталық Азия елдерімен консорциум құру қажеттігін айтты. Су қауіпсіздігі — елдің тұрақты дамуына тікелей әсер ететін негізгі фактор екенін жеткізді.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев сала ардагерлерін марапаттап, «Су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағын табыстады.