Жаңалықтар

«Волонтерлік мектеп» – белсенді жастарға жол ашады

Соңғы жылдары елімізде волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып келеді. Қоғамға бейжай қарамайтын, өзгеге қолғабыс көрсетуге дайын жастардың қатары жыл сайын артуда. Осындай оң өзгерістердің бірі ретінде Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен қолға алынған «Волонтерлік мектеп» жобасын айтуға болады.

Аталған жобаның басты мақсаты – волонтерлікке қызығушылық танытқан жасөспірімдер мен жастарды бір ортаға жинап, оларды теориялық және практикалық тұрғыда даярлау. Бұл бастама жастардың белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың азаматтық ұстанымын нығайтуға, қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Жуырда осы жоба аясында 50-ге жуық белсенді жастың басын қосқан ауқымды тренинг өтті. Оқыту барысында қатысушылар волонтерліктің негізгі бағыттарымен танысып, тәжірибелік білім алды. Тренингте спикер ретінде сөз алған белсенді жас Арайлым Әбдуалиева мен «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің өңірлік амбассадоры Азамат Намелбек волонтерлік қызметтің әлеуметтік көмек, экология, білім мен мәдениет, денсаулық сақтау және қоғамдық іс-шараларға қолдау көрсету секілді маңызды бағыттары жайында кеңінен түсіндірді.

Ал, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының жастар ісі жөніндегі маманы Дархан Байпақтың жобаның маңызына тоқталып өтті.

Оқыту барысында қатысушылар тек білім алып қана қойған жоқ, нақты жобалар дайындап, оларды жүзеге асыру жолдарын да үйренді. Әсіресе волонтерлік гранттар туралы кеңінен ақпарат беріліп, жоба жазу мен құрылымын құрастыру, тәуекелдерді бағалау, нәтиже жоспарлау секілді практикалық дағдылар үйретілді.

Оқыту барысында қозғалған тақырыптардың ішінде әлеуметтік, экологиялық және білім беру бағыттары ерекше қызығушылық тудырды. Атап айтқанда, қарттар үйі мен балалар үйіне көмек көрсету, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолдау білдіру, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға жәрдем беру, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау бойынша – ағаш отырғызу, қоқыс жинау, жануарларды қорғау секілді экологиялық акциялар өткізу жоспарланды.

Жобаға қатысқан жастар енді өз қатарластарына бағыт-бағдар беріп, жаңа волонтерлік топтар құруға ниетті. Бұл – волонтерлік қозғалыстың тек тұрақты дамуын ғана емес, оның кең ауқымда таралуына жол ашатын бастама. Сонымен қатар, мұндай жобалар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, оларды жауапкершілікке, қайырымдылық пен жанашырлыққа баулиды.

Волонтер болу – көмек көрсету ғана емес, қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілікті сезіну. Олар – жақсылықты өмір салтына айналдырған жандар. Ал мұндай жандардың еңбегі – ертеңгі жарқын болашақтың негізі.

 

Сымбат ҚУАНЫШ