Академиялық ұтқырлықтың ұтымды тұсы көп
Қазіргі заманғы білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналған маңызды жобалардың бірі – академиялық ұтқырлық бағдарламасы. Бағдарлама студенттерге басқа жоғары оқу орындарында, соның ішінде шетелдік университеттерде уақытша білім алу арқылы кәсіби және тұлғалық тұрғыдан дамуға зор мүмкіндік береді. Баяғдарлама аясында оқытушылар, зерттеушілер және студенттер шетелге белгілі бір уақытқа барып, онда білім алады, сабақ береді немесе ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысады.
Аталмыш бағдарлама білім алушының тек кәсіби дамуына ғана емес, мәдени көкжиегін кеңейтуге, ойлау қабілетін арттыруға, шет тілін меңгеруге, жаңа достар табуға және жаһандық ортада еркін бейімделуге мүмкіндік беретін аса маңызды бастама.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар басқармасының басшысы Дархан Дулатұлының айтуынша, аталған оқу орнында академиялық ұтқырлық бағдарламасы 2015 жылдан бастап жүйелі түрде жүзеге асып келеді.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің студентін Түркияның «Karadeniz Teknik» университеті қабылдаған. Білімді ару қысқа уақыт ішінде дайындалып, бір аптаның ішінде жолға шығады. Бір айта кетерлігі, Түркиядағы дәрістер негізінен ағылшын тілінде жүргізілген. Аружан ағылшын тілін бұрыннан жақсы меңгеріп жүргендіктен, сабақтарды еш қиындықсыз игеріп, барлық емтихандарын сәтті тапсырған. Сонымен қатар, қосымша тіл ретінде үйренген түрік тілін жетік білуі де білім алу процесін жеңілдетіп, жаңа ортаға тез бейімделуіне мүмкіндік берген.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы студенттерге тек білім алу мүмкіндігін ғана емес, сонымен қатар олардың кәсіби және жеке дамуына зор әсер ететін бірнеше маңызды артықшылық ұсынады. Сондықтан жастардың мүмкіндікті жіберіп алмағаны дұрыс.
Сымбат ҚУАНЫШ