Цифрлық Қазақстан

Геопорталдың мүмкіндігі артып келеді

Өңір тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді ашық әрі жылдам алуға, сондай-ақ мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған өңірлік геоақпараттық жүйе – геопортал бүгінгі таңда цифрлық трансформация үдерісінің нақты көрінісі болып отыр. Бұл жүйе Ауылшаруашылығы министрлігі, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекіткен 2019 жылғы 11 наурыздағы бірыңғай талаптарға сәйкес әзірленіп, іске қосылған болатын.

Қазіргі таңда геопортал картографиялық қабаттармен толық қамтылған. Тұрғындар үшін ашық қолжетімділіктегі картада – 124 қабат, ал қызметтік қажеттілікке арналған жабық электрондық картада 700-ден астам қабат бар. Бұл өз кезегінде тұрғындар мен сала мамандарына деректердің өзекті әрі толық көрінісін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, 2023 жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің сынағынан өтіп, оң қорытынды актімен (30.06.2023 жылғы №KZ41VQQ00081564) өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді.

Облыс әкімдігі цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Шалқар Амантұров бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымына кеңінен тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Геоақпараттық жүйе арқылы жер қатынастары, қала құрылысы, коммуналдық қызметтер, жастар бағдарламалары, экологиялық бақылау мен өнеркәсіптік мониторинг – бәрі-бәрі біріктірілген. Бұл – тек облыс әкімдігінің немесе салалық басқармалардың емес, тұтас қоғамның цифрлық мәдениетін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс екені анық. Осылайша цифрландыру тек жылдам қызмет көрсету құралы емес, ел дамуына серпін беретін заманауи тетікке айналып келеді.

Айжан ӨЗБЕКОВА