Қыз ғұмыры-жұмбақ әлем
Жасөспірім кезеңнен өтерде әр адамның мінезі өзгеріп, түрлі түсініксіз күйді басынан кешіреді. Ал қыз баланың мінезі осы кезеңде екі есе күрделене түседі. Оған себеп – қыздың тұла бойы бойжетуге ұмтылып, ана атануға дайындық кезеңінен өтуі. Моральдық тұрғыдан ғана емес, физиологиялық жағынан да табиғи өзгерістерге ұшырай бастайды. Кеше ғана алаңсыз ойнап жүрген балауса қызға бойындағы түсініксіз өзгерістер мінезіне қарай әртүрлі әсер етеді. Біріне бойжету процесі ұнаса, енді бірі дайын еместігін түсініп, басқаша күй кешіп, күйзеліске түсіп кетуі де мүмкін.
Сондай сәттерде моп-момақан болып өсіп келе жатқан кейбір қыздар ерсі қылықтарға бой алдырып, дөрекі, тұрпайы әдет танытуы да кездесіп жатады. Мұндай жағдайда қызының болашағын уайымдап, ақыл айтқан ана мен өзі біларман қыздың арасындағы қарым-қатынасты тұнық күйінде сақтап қалу үшін не істеуге болады? Қыз баланың жүрегі жылылыққа, ілтипат пен ізетке, ықылас пен мейірімге толы болуы үшін не істеу керек? «Қыз үйде, қылығы түзде» болмас үшін ата-ана қандай қадам жасауы қажет?
Белгілі ақын Мұхтар Шахановтың сөзі мен сазгер Шәмші Қалдаяқовтың әніне жазылған «Ақ бантик» әнін білмейтін қазақ жоқ шығар. Бұл есті ән барлық қыздардың кешегісі мен бүгінін жалғап, келешегін уайымдап тұрғандай әсер қалдырады.
Әннің шығу тарихы да ерекше. Бірде Шәмші мен Мұхтардың Қаражан Әбіләзимов есімді достары шаңырақ көтереді. «Тойға беретін сыйлығымыз жоқ. Одан да ән арнайық» деп қос шығармашылық иесі тойға арнап ән жазуға кіріседі. Қаражан достарының жұбайы жаңадан мектеп бітірген балауса қыз екен. Осыны арқау етіп, ақын мен сазгер «Ақ бантик» әнін дүниеге әкеліп, жолдастарының үйлену тойында тарту етіп, шырқап береді. Қыз баланың бүкіл тағдырын үш шумаққа сыйдырған әсем ән әлі күнге мектеп бітіру кештері мен бүкіл басқосуларда шырқалып жүр.
Балауса қыз едің бір кезде,
Шашыңа ақ бантик байлаған.
Өзгеріп кетіпсің бұл күнде,
Көркіңе көз тастап ойланам.
Жол жатыр шақырып алдыңда,
Өмір тұр ұсынып шаттығын.
Білмеймін ержетіп қалдың ба,
Шашыңда ақ бантик жоқ бүгін.
Жылдардың еркіне бағындың,
Жылдарға қол создың жан құрбым,
Белгісін балалық шағыңның,
Айтшы сен қай жерде қалдырдың?!
Сан жылдардың тізбегінде ескірмей келе жатқан осы әннің сөзіндегі мән-мағына іспетті қыздың терең тағдыры да күн тәртібінен әлі күнге түскен емес.
Бірде ата-анасы ұстаздық жолда жүрген құрбымның кіші сіңілісі Айдай үйінен қашып кетті. Ол небәрі 14 жаста болатын. Соңыра жас қызды отызға таяған үлкен ер адамның азғырып жүргені мәлім болған. Ол қызға күнделікті сыйлық жасап, қолына қаражат ұстатып, оны өзіне ғашық еткен. Ата-анасы түрлі психологтардың көмегіне жүгініп, қыздарын арамзаның арбауынан алып қалды. Арада біраз уақыт өткеннен кейін қызбен сөйлесудің сәті түскені еді.
Сөйтіп аз уақыт ішінде алтын сырға алып берді. Күнделікті «Балмұздақ же», «Құрбыларыңмен киноға бар» деп ақша беріп тұрды. Ал мен бала жүрегіммен «Махаббат деген осы екен» деп оны жақсы көре бастадым. Сезімге бөленіп, ұмыта алмай, таңға көз ілмей ойлайтынды шығардым. Ол «ешкімге айтпа, бәрі осылай жасайды» деп сүйіп, құшақтап жүрді. Мен оның жұмыстан келгенін күтіп, үй бетін көрмей көшеде тосатынды шығардым. Бұл алғашқы махаббатым еді. Сондықтан ыстық, сондықтан ерекше көрінді.
Ата-анам бір жамандықты сезсе керек, ешқайда жібергісі келмей, үйде күніге ұрыс болып кетті. Ол болса «Көрдің бе, сені әке-шешең түсінбейді, жақсы көрмейді» деп азғырды. Сөйтіп, үйден қашып кеттім. Алайда дер кезінде әке-шешем біліп қойып, бұл іс оң шешімін тапты. Кейін ол адамның арам ойы болғаны белгілі болды. Ата-анамның педагог болғанының арқасында бәрін сезіп жүрді және дер кезінде маған көмектесті деп ойлаймын – деді Айдай.
Осыған ұқсас оқиғалар жасөспірім қыздар арасында жиі кездесіп тұрады. Алайда мұндай жағдайдың көбі жабулы қазан күйінде қыз ішінде қалады. Мәселен Арай бала күнінен құрбыларынан ерекшеленіп тұратын. Ол киген әсем көйлек ешкімде болмайтын. Тым еркін әрі шолжаң қыз айтқанынан қайтпайтын. Оның айтқаны атылған оқ еді. Ата-анасы қызының тілін тауып, тілегін орындау үшін күні-түні еңбек етті. Алайда Арайға бәрі аз болып көрінетін. Әсіресе, күйбең тіршілікпен бірде нан пісіріп, енді бірде қамыр илеп, от жағып, кір жуып жүрген анасына көңілі ауып көмектесейін демейтін, жаны да ашыған емес.
Анасының айтқан ақылы енді ғана бойжетіп келе жатқан қыздың шамына тиетін. Қарт әйел құшағына алса, самайындағы ақ шашы жұғып кетердей ұшып тұрып, үйден шыға жөнелетін. Түнгі клуб жағалай бастады. Қиқар қыздың мінезі күннен-күнге өзгере бастады. Ол анасының ақылын тыңдамай, түн қата серуендеп жүріп Марспен танысты. Сөйтіп жүріп Марсты сүйіп қалды. Кейін аяғының ауыр екенін білді. Ал бәрін біліп, естіген соң Марс ұшты-күйлі жоқ болды. Сол сәт Арай әлемде ана жүрегінен асқан мейірім ошағы жоғын мойындап, жылап тұрып анасынан кешірім сұрады. Бірақ бәрі кеш еді.
Жасөспірім қыздар дәл осындай өрескел қателікке бой алдырмас үшін мамандардың кеңесіне құлақ түріп көрдік.
«Қызға қырық үйден тыю, қалса қара күңнен тыю» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті. Ана мен қыздың қарым-қатынасындағы ізгі ниет, жылылық, бір-біріне жасаған жақсылығы қаншалықты биік, таза болса, қыз да соншалықты анасынан сыр жасырмай, қалай бар, солай айтып, шынайы пікірлесуі тиіс. Бірақ өкінішке қарай кейде аналар қызын тыңдай алмай жатса, кейде қызы анасының сөзіне құлақ асқысы келмейді. Алайда тыңдай білу – кез келген мәселеде жақсы бір шешім жолы екенін ұмытпаған абзал.
Осы орайда Әйгерім есімді талдырмаш қыздың оқиғасы ойға орала кетті. Анасы оны тым қатал ұстады. Қатарымен қыдыртпады. Ешқайда жібермеді. Жасаған тамағын ұнатпай: «Көршінің қызын көрмейсің бе? Тамақты дәмді дайындайды. Киген киімі қандай жарасымды?! Ән салғаны, боянғаны, жүріс-тұрысы қандай?! Менің қызымның бар болмысы түйеден түскендей, олпы-солпы, қиқы-жиқы» деп үнемі жақтырмай отыратын. Бәлкім, өз қызынан лидер жасағысы келді ме? Әйтеуір мектепті кілең бестікке бітіруді, барлық жағдайда үздік болуды талап етті. Алайда Әйгерім мектеп бітірерде бір пәннен төрттік алып қалды. Сол күні анасынан қорыққанынан уыс-уыс дәрі ішіп, есінен танып жатқан жасөспірім қызды жол бойынан жолаушылар тауып алған болатын.
Әйгерімнің анасының қателігі шектен тыс бақылау жасауға тырысқандығында еді. Сын көзбен қараймын деп, қызын қалай сындырып алғанын білмей де қалды. Әйел ана болып тумайды. Өмірдің өзі ана етеді, бейімдейді, үйретеді. Қылықты қыздың анасы болу үшін ешқандай мектептің қажеті жоқ.
«Қымбат-ау қыздың ар-мұңы,
Қиын-ау, қиын, тым қиын.
Не болар екен тағдыры?!
Үйіріліп соқса бір құйын» деп ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай өзі үйде болғанымен, қылығы түзде қарлығаштардың қанаты қайырылмаса екен, бір-бір үйдің еркесіне айналған аяулылар жылап қалмаса екен дейсің. Біздің тілек сол ғана!
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ