Жаңалықтар

Қазақстанда қанша қар барысы бар?

Халқымыз ежелден-ақ табиғатпен үндес өмір сүріп, жан-жануарларға ерекше құрметпен қараған. Солардың ішінде қар барысы – тектіліктің, еркіндіктің және қайсарлықтың символы ретінде бағаланған қасиетті жануар.

Алайда қазақ халқы үшін тек биік таулардың иесі ғана емес, ұлт рухының көрінісі саналатын қар барысы табиғи ортадағы тепе-теңдіктің бұзылуынан, заңсыз аңшылық пен климат өзгерісінен жойылып кету қаупінде тұр. Айта кетерлігі, қар барысы Меркі ауданының таулы аймақтарында да кездеседі. Меркі таулары қар барысы үшін қолайлы табиғи орта саналады.

Жуырда Меркі аудандық мәдениет үйінде «Қазақстандағы қар барысын қорғауға бағытталған жаңа қорықтың табиғат қорғау әлеуетін арттыру» тақырыбында оқыту тренингі ұйымдастырылды. Іс-шараға табиғат қорғау ұйымдарының өкілдері, республикалық «QazaqGeography» қоғамдық бірлестігінің мамандары мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Жиында сарапшылар қар барысының таралу аймағы, оны қорғау жолдары мен жаңа құрылатын қорықтардың маңыздылығы жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар қатысушылар экожүйені сақтау, жергілікті қауымдастықтарды табиғатты қорғау ісіне тарту және биоәртүрлілікті тұрақты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасып, тәжірибе бөлісті.

Ал табиғат зерттеушісі, «QazaqGeography» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Алексей Грачевтің айтуынша, қар барысы әлі де толық зерттелмеген жануар. Олардың мекені – қия-беткей, биік тау бөктерлері, қарлы жоталар мен жартасты шатқалдар. Сол себепті оларды бақылау – күрделі іс.

Мамандардың сөзіне сүйенсек, қар барысы – сирек әрі жойылып кету қаупі төніп тұрған жыртқыш. Оның тіршілігі тікелей адам әсеріне, браконьерлікке және негізгі қорегі – сібір тау текесінің популяциясына байланысты.

Сондай-ақ жиын барысында «Меркі» орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры Самат Тоқышбеков жаңа «Мерке» табиғи паркін құру жоспарын таныстырды. Ал Бибігүл Ізбаир-Тойлыбаева мен Алексей Грачев қар барысы тарапынан туындайтын қауіп-қатерлерді азайту, сондай-ақ жыртқыш аң мен адам арасында орын алатын келеңсіз жағдайларды шешудің қазіргі әдістері туралы сөз қозғады.

Бүгінгі күні барысты құтқарып тұрған – оның табиғи мекені, яғни адам аяғы жете бермейтін биік жоталар мен тік жартастар. Бірақ бір рет төмен түсіп, аңшылар көзіне іліксе, аман қалуы екіталай.

Қар барысын сақтау – табиғатты қорғау ғана емес, келер ұрпаққа ұлттың бай табиғи мұрасын аманаттау.

 

Ақтоты ЖАҢАБАЙ