Жаңалықтар

Талапкерлерді қабылдау қарқынды жүргізілуде

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректоры Ләззат Еркінбаева мен аталған оқу орнының қабылдау комиссиясының басшысы Алуа Назарбекованың қатысуымен брифинг өтті.

Спикерлер 2025-2026 оқу жылына талапкерлерді қабылдау науқанының барысы туралы баяндама жасады.

Жоғары оқу орындарына құжаттарды тапсыру мерзімі 20 маусым-25 тамыз аралығында жүзеге асырылады.

Республикалық бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын беру конкурсына қатысу үшін өтініштер 13-20 шілде аралығында қабылданады.

Ал шығармашылық мамандықтарына өтініш беру уақыты екі кезеңмен өткізіледі. 7-13 шілде аралығында грант конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдау және шығармашылық емтихандарды тапсыру, сондай-ақ 11-15 тамыз аралығында талапкер ақылы негізде оқуға өтініш білдіре алады.

Магистратураға түсу үшін өтініштер жазғы қабылдау үшін 1 маусым мен 8 шілде аралығында, қысқы қабылдау үшін 28 қазан мен 10 қараша аралығында app.testcenter.kz сайтында қабылданады. Тестілеуді өткізу орны мен уақыты туралы ақпарат оқуға түсушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Докторантураға түсу үшін өтініштер жазғы қабылдау үшін 3 шілде мен 3 тамыз аралығында, ал қысқы қабылдау үшін 28 қазан мен 10 қараша аралығында app.testcenter.kz сайтында қабылданады.

Докторантураға білім беру бағдарламаларының тобы бойынша түсу емтихандары жазғы қабылдау үшін 4 тамыздан 20 тамызға дейін, қысқы қабылдау үшін 19 қарашадан 11 желтоқсанға дейін жүзеге асырылады.

Брифинг соңында Алуа Назарбекова БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Сымбат ҚУАНЫШ