Жаңалықтар

Мақсаты биік мүсінші

Мүсінші деген кезде көз алдымызға ер адамның бейнесі елестейтіні сөзсіз. Алайда бұл өнер бойынан табылатын нәзікжандылар да жоқ емес. Соның бірі сарысулық Гүлназ Төлеутаева.

Қаратаудың баурайында орналасқан Сарысу жері тұнып тұрған таланттылар ордасы десек артық айтпағандық болар. Өнер айдынында есімі аңызға айналған тұлғалардың кіндік қаны тамған киелі қоныс. Саналы ғұмырында өзіндік өшпес қолтаңбасын қалдырып, өскелең ұрпаққа сара жол салған, жүзден жүйрік шыққандардың мекені. Сөзге де шебер, іске де ұста халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтарының бірі –оның қолөнері. Бұл өнер – ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ұлттық мәдениетіміздің ажырамас маңызды бөлігі.

Қолөнермен ата-бабаларымыз сонау көне дәуірден айналыса бастаған. Шеберлер ұлттық қолөнер бұйымдарын жасау арқылы елдің этикалық және мәдени ұлттық дәстүрін көрсете білген. Бұл күнде жүйке жүйесі ұсақ іске шыдамды, керісінше сол істен шабыт алатын, он саусағынан өнер тамған шеберлеріміз жетерлік. Олар көбіне қоғамнан тысқары, саяқ жүреді. Жақында сондай шебер қолдың иесін кезіктірген болатынбыз. Ол он саусағынан өнер тамған мүсінші, жайылмалық Гүлназ Төлеутаева.

Гүлназ Асанқызы Саудакент ауылында Төлеутаевтар отбасында 1980 жылы дүниеге келген. Жарылқасын Отарбаев атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 1997 жылы бітіріп шыққан. 2004 жылы М.Х.Дулати атындағы колледжге оқуға түсіп, 2007 жылы «Бастауыш» мамандығы бойынша колледжді бітіріп шығады.

Гүлназ Асанқызының бойында бала күнінен сурет салуға, әртүрлі заттардан қолөнер бұйымын жасауға қызығушылығы басым болды. Кенжетай Сәулебаевпен шаңырақ құрып, екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Жайылма ауылының тұрғыны. Әйтеке би мектебінің қызметкері. Ұшқыр қиялының арқасында түрлі өнер туындыларын ойлап тапты. Қиял мен таланттан бөлек, мүсінші болу үшін асқан шыдамдылық керек, себебі бір мүсінді дайындаудың өзі бірнеше аптаға созылуы мүмкін. Иә, кейіпкеріміздің жасаған қолөнерлерін көрген жан таңданысын жасырмайды. Жолбарыс, жылқы, қазақ қызы, аққу, қазақ ертегілері кейіпкерлерінің мүсіндерін жасап шығарған.

Жасалған мүсіндер расында шебердің дара қолтаңбасы іспеттес. Мүсін өнерін өрістетуге үлес қосып жүрген жерлесіміз Гүлназ Төлеутаева бүгінде көп жастарға үлгі болары анық. Себебі, он саусағынан өнер тамған шеберліктің астарында біз білмейтін қаншама еңбек жатыр.

Өнегелі отбасын құрып, ұл мен қызын тәрбиелеп отырған, өнегелі өнер иесі. Өнерлі адам-өрге жүзеді демекші, өнердің құдіреті арқылы әрқашанда биік шыңдарды бағындыруға болатынын ұмытпайық.

 

Сәулет ЕСҚАРАЕВ,

журналист