Жаңалықтар

Сарысу ауданы дамудың жаңа сатысында

Сарысу ауданында соңғы жылдары қолға алынған жүйелі жұмыстар мен нақты жобалар өз нәтижесін беріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері қарқынды өсуде. Ауданның барлық салаларында жоспарланған межелер артығымен орындалып, жаңашыл бастамалар мен баянды бағдарламалар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға оң ықпал етуде.

Мәселен 2025 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша аудан бюджетінің негізгі капиталына 60 миллиард 21 миллион теңге инвестиция тартылған. Сонымен қатар ауданда жүргізілген құрылыс жұмыстарының қаражат көлемі 6 миллиард 657 миллион теңгеге жетіп, жоспар 176 пайызға артығымен орындалған. Сондай-ақ жыл басынан бері өнеркәсіп өндірісінің көлемі 49 миллиард 421 миллион теңгені құраса, ауылшаруашылығы саласында 2 миллиард 938,8 миллион теңгенің өнімі өндірілген.

Ауданда ауылшаруашылығы саласы бойынша ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Аудандағы жалпы егістік жер көлемі 25 324 гектарды құрайды. Аудан әкімі Сәкен Мамытовтың айтуынша, биыл 24 793 гектар егістік алқап игеріліп, өткен жылмен салыстырғанда егістік көлемі 557 гектарға артқан.

– Биыл ауданда 8 500 гектарға жаздық масақты дақылдар, 3 500 гектарға күздік бидай, 1 500 гектарға жаңа көпжылдық шөптер, 5 000 гектарға мақсары, 16 гектарға картоп, 115 гектарға көкөніс дақылдары, 125 гектарға бақша дақылдары және 250 гектарға дәндік жүгері дақылы егілді. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 900 тонна дизель отынына өтініш берілді. Бір литр жанар-жағармайдың бағасы 254 теңге болып бекітілді. Операторға бүгінде 734 тонна жеткізілді. Әзірге шаруа қожалықтарына 494 тоннасы сатылды. Жалпы шаруашылықтарды жеңілдетілген дизель отынымен қамту бойынша барлық жұмыстар толық жолға қойылды.

Егістік алқаптарын техникамен қамту жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Жыл басынан бері 72 миллион теңгеге 5 трактор сатып алынды. «ҚазАгроҚаржы» ұйымында 122 миллин теңгеге 5 трактор және 7 қосалқы құрылғыны лизингке алуға өтініштері мақұлданып отыр. Жыл соңына дейін шаруа қожалықтары тарапынан 28 трактор сатып алу бойынша жұмыстар атқарылуда. Биыл ауылшаруашылығы техникаларының 6,5 пайыз үлесін жаңартуды жоспарлап отырмыз.

Сонымен қатар ауданда малшаруашылығын ілгерілету жұмыстары арнайы жүйе бойынша жұмыс жасауда. Жалпы аудандағы мүйізді ірі қара саны – 25 347, уақ мал саны – 241 771, жылқы саны – 10 145 және түйе саны – 3 122 басқа жетіп отыр. Малшаруашылығы саласындағы өнідірілген өнім көлемінің жалпы құны 2 миллиард 820 миллион теңгені құрауда.

Ауылшаруашылығы саласының жұмысын жетілдіру және мал басын көбейту бағдарламалары аясында да бірқатар жұмыстар атқарылып, несиелендіру ісі ілгері жылжып келеді. Мәселен «Кең дала» бағдарламасы аясында «Саудакент несие серіктестігі» ЖШС арқылы 17 шаруақожалыққа көктемгі егін жұмыстарын жүргізуге 116 миллион теңге көлемінде несие берілді. Ал «Агробизнес» бағдарламасы аясында «Саудакент несие серіктестігі» ЖШС 50 бас жылқы малын сатып алуға жалпы құны - 23 миллион теңгені құрайтын 2 жоба қаржыландырылды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында да бүгінде 220 миллион теңгеге 28 жоба несиелендірілді. Алдағы уақытта 54 миллион теңгеге қосымша 7 жоба қаржыландырылатын болады,– дейді Сәкен Үмбетұлы.

Сол секілді аймақта мемлекеттік бағдарламалар аясында «Агро» бағдарламасымен 539 жобаға 475 миллион теңге, «Бизнес» бағдарламасымен 750 жобаға 692 миллион теңге және «Тұтынушылық несиелендіру» бағдарламасымен 126 азаматқа 778 миллион теңгеге несие берілген. Жалпы 1 миллиард 945 миллион теңгеге несие жобалары қаржыландырылған.

Ауданда өңірді дамыту жұмыстары мұнымен тоқтап қалған жоқ. Игерілмей жатқан ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Осы жұмыстардың нәтижесінде былтыр 14 080 гектар жайылымдық жер кері қайтарылса, биыл 13 000 гектар жерді қайтару жоспарланып, жыл басынан бері 4 411 гектар жайылымдық жерлер мемлекет иелігіне өткен. Аталған жерлер жайылым мәселесін шешу үшін елді мекендерге бекітіліп, басқа ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге беріліп, қайта айналымға қосылуда. Бүгінде аудан бойынша жайылымдық жер жетіспеушілігі мәселесі толық шешілген.

Аудан орталығы Жаңатас қаласында тұрғынүйлерді қалпына келтіру, оларды жөндеуден өткізу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Қала аумағында жалпы саны 104 көпқабатты тұрғын үй бар. Биыл шаһардағы 2 шағын аудандағы №32 90 пәтерлі үйді қайта қалпына келтіруге 554 миллион теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылған. Сондай-ақ қайта қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау үшін бюджеттен 113 миллион теңге бөлініп, аталмыш тұрғын үйлерге инфрақұрылым объектілерін тарту мен ауласын абаттандыруға 72 миллион теңге қаралған. Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй сатып алуға 143 миллион теңге қаржы бөлініп, биыл, пәтерге мұқтаж 90 бюджет қызметкеріне үй беру жоспарланып отыр. Мұнымен қоса «Тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы» аясында қаладағы үйлерді жөндеу жұмыстарына бюджеттік кредит ретінде республикалық бюджеттен 410 миллион теңге қаржы бөлініп, 12 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Тағы айта кетерлігі, алдағы уақытта республикалық бюджеттен әлеуметтік осал топтағы тұрғындарды үймен қамту үшін 1,8 миллиард теңге қаражат бөлінетін болады. Аталған қаржыға Жаңатас қаласындағы 1 шағын аудандағы 80 пәтерлі №45 үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі және 6 шағын ауданнан 5 қабатты 60 пәтерлі жаңа үй салынады. Бүгінде кәсіпкерге 0,8 гектар жер телімі беріліп, 60 пәтерлі жаңа тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталған. Аталған жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау көзделуде.

Елді мекендерді газдандыруға баса көңіл бөлінуде. Бүгінгі күні 14 елді мекендегі 39 582 табиғи газбен қамту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аталған жоба бойынша 13 елді мекенге сыртқы және ішкі құбырлары тартылып, биыл аудан тұрғындарының игілігіне газ беріліп, газбен қамту деңгейін елді мекен саны бойынша 76 пайызға, ал халық санымен 94 пайызға жеткізу жоспарлануда.Сонымен қатар аудандағы 25 елді мекеннің 24 елді мекені орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Аудан әкімінің айтуынша Саудакент, Жайылма, Маятас ауылдарын ауызсу жүйесімен толық қамту үшін облыстық және республикалық бюджетке жалпы соммасы 2,1 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім беріліп, қаржыландыру күтілуде. Сондай-ақ Сәкен Үмбетұлы білім, денсаулық, еңбек нарығын реттеу бағыттарына да кеңінен тоқталып, ауданға инвестиция тарту жұмыстарын да тілге тиек етті.

Кәсіпорындардан мемлекеттік бюджетке жыл сайын 7 миллиард теңге салық түсіп отыр екен. Оның 2,4 миллиард теңгесі аудандық бюджетке, 1,9 миллиард теңгесі облыстық бюджетке және 2,7 миллиард теңгесі республикалық бюджетке тиесілі. Бүгінде ірі өнеркәсіп орындары 2 600-ден аса азаматты жұмыспен қамтып отыр. Оның ішінде тоқсан пайызы аудан тұрғындары. Осы жылдың ақпан айында «ЕвроХим» компаниясы бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп, ауданнан 102 адамды жұмысқа қабылдаған. Сол секілді «Еврохим» компаниясының минералды тыңайтқышдарды өңдіру зауытының құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары 2 кезеңде іске асырылатын болады.

Бірінші кезең қуаттылығы жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін нысан құрылысы болса, екінші кезеңде минералды тыңайтқыштар және өнеркәсіптік өнімдер өндіру зауытының құрылысын бастау қолға алынады. Жобаның жалпы құны 450 миллиард теңге. Зауыт іске қосылу үшін де Үкімет тарапынан газ тарту жұмыстарына 3,9 миллиард теңге қаржы бөлініп, мердігер тарапынан кестеге сай газ құбырларын тарту жұмыстары атқарылуда. Зауыт толық іске қосылған соң қосымша 1 700 жаңа жұмыс орны ашылады.

Бұдан бөлек, «Qazaq Soda» ЖШС тарапынан жылына 500 мың тонна  кальциленген сода өндіретін зауыттың құрылыс жұмыстары жүруде. Жобаның жалпы құны 188 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 500 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Зауыт құрылысын 2027 жылы толық аяқтау жоспарланған. Алайда қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды. Алдағы жылдың екінші жартыжылдығында зауытты толық іске қосу көзделіп отыр.

Өңірде ірі кәсіпорындардың тарапынан жүзеге асып жатқан демеушілік шараларының көбеюі де жанға жылулық сыйлауда. Мәселен «Qazaq soda» ЖШС 2023 жылы Жаңатас көпсалалы колледжіне 2 миллион теңгеге компьютер кешенін сыйға тартса, 2024 жылы Саудакент ауылындағы стадионды 11 миллион теңгеге сатып алып, аудан теңгеріміне тарту еткен. Ал «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені мекемесі «Фосфорит» стадионын қала тұрғындарының игілігіне ақысыз түрде беруді жоспарлауда. Кәсіпорын 2024-2025 жылдары түрлі қайырылымдылық шараларына 5,5 миллион теңгеге демеушілік жасаған. Сонымен қатар «Жаңатас ЖЭС», «Шоқпар ЖЭС» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері көрсеткен демеушілік шараларын да айтпай кетуге болмас.

Кәсіпорын әр жыл сайын түрлі іс-шаралардың басынан табылуда. Олар 2024 жылы «Даңқ» монументіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, субұрқақ орнатуға 30 миллион теңгеге демеушілік танытса, 2025 жылы Жаңатас қаласындағы Дегерез, МЭЗ аумақтарына 40 миллион теңгеге балалар ойын алаңшасы мен субұрқақ соғуды жоспарлап отыр.

 

Мұқағали БАЛТАБАЕВ