«Пайызсыз үй алып береміз» деген желеумен жұмыс істеген қаржы пирамидасы әшкереленді
ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті «UILI BOLAYIK» (Үйлі болайық) атты қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, деп хабарлайды arainfo.kz
Әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы ретінде бүркемеленген бұл жоба аясында ұйымдастырушылар азаматтарды мүлікті пайызсыз бөліп төлеу арқылы сатып алуға болады деп сендірген. Сонымен қатар, қатысушыларға салған қаржысы үшін ай сайын 15–30% көлемінде табыс және әр жаңа тартылған адам үшін 10% бонус уәде етілген.
Алайда, азаматтардың қаражаты қайырымдылық қордың ресми есепшоттарына емес, ұйымдастырушылардың екінші деңгейлі банктердегі жеке шоттарына аударылып отырған. Тергеу барысында белгілі болғандай, «UILI BOLAYIK» қайырымдылық қорының есепшоттары іс жүзінде пайдаланылмаған және қаржылық қозғалыссыз қалған.
Нәтижесінде, бұл қаржы пирамидасына 515 адам тартылып, жалпы сомасы 50 миллион теңгеден астам қаражат жиналған.
Қазіргі уақытта соттың санкциясымен күдіктінің банктік шоттарына тыйым салынды. Сондай-ақ оған қатысты елден шығуға тыйым салу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.