Жаңалықтар

Әнші SADRADDIN мен Рухия Байдүкенова Қытайда өткен фестивальде өнер көрсетті

Қытайдың Циндао қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің 22-отырысы аясында өнер және жастар әні фестивалі өтті, деп хабарлайды arainfo.kz

Фестивальдің басты мақсаты – Шығыс пен Батыс арасындағы мәдени байланысты тереңдету, ұлттық өнерді дәріптеу және ұйымға мүше елдер арасындағы достықты нығайту.

Қазақстанның атынан сахнаға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері, танымал жас әншілер SADRADDIN (Садраддин Болат) мен Рухия Байдүкенова шығып, көрермендерді ерекше өнерлерімен тәнті етті.

Ашылу рәсімі жастар ән кеші форматында өтіп, фестиваль барысында ШЫҰ елдерінен келген әртістер поп, джаз, опера және аспаптық музыка жанрларында өнер көрсетті.

2025 жылдың 7 шілдесінде өткен кеңесте Қазақстан делегациясын бастап барған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Министр ШЫҰ-ның мәдениет пен гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуда маңызды халықаралық алаңға айналғанын жеткізді.