Жаңалықтар

Бүгін - Әскери медицина мамандары кәсіби мерекесі

Бұл мерекелік күн Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі кәсіби және естелік күндерді бекіту туралы Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес белгіленген, деп хабарлайды arainfo.kz

Қазақстан әскери медицинасының негізі 1992 жылы ҚР Қарулы күштері Бас штабының әскери-медициналық басқармасының құрылуымен қаланды. Бүгінде бұл сала 8 әскери госпиталь, 4 лазарет пен ондаған медициналық пунктті біріктіретін ауқымды жүйеге айналды.

2023 жылы стационарлық мекемелерде 10 мыңнан астам әскери қызметші мен азамат ем қабылдады. Сала үнемі жаңарып, дамып келеді. Мәселен, өткен жылы Щучинск қаласында Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталі жанынан оңалту бөлімшесі ашылып, ауыр жарақат алған сарбаздардың сауығуына жағдай жасалды. Сонымен қатар, Ақтауда әскери теңізшілерге арналған госпиталь ашу және Алматыда әскери медицина академиясын құру жұмыстары жүріп жатыр.

Әскери дәрігерлер тек елімізде емес, шет елдерде де қызмет атқаруда. Олардың бір тобы БҰҰ миссиясы аясында Голан биіктіктерінде бітімгерлер мен жергілікті халыққа көмек көрсетіп жүр. Ішкі оқу-жаттығулар мен жұмылдыру жиындарында да әскери медицина қызметкерлері үнемі алғы шепте.

Covid-19 пандемиясы кезінде әскери дәрігерлердің жанкешті еңбегі ерекше көрінді. Олар инфекциялық изоляторлар, ПТР-зертханалар мен жылжымалы кешендердің жұмысын ұйымдастырып, мыңдаған адамға медициналық көмек көрсетті. 2024 жылы су тасқыны кезінде де олар зардап шеккендерге жедел қолдау көрсетті.

Сала мамандарын қолдау шаралары да күшейіп келеді. Биыл әскери дәрігерлерге азаматтық клиникаларда тәжірибе жинауға мүмкіндік беріліп, жалақысы азаматтық медицина деңгейіне жеткізілді.

Көп жағдайда көрінбейтін, бірақ маңызды жұмыс атқаратын әскери дәрігерлердің еңбегі – қоғамның тыныштығы мен сарбаздар денсаулығының кепілі.