Жаңалықтар

17,5 млн долларлық зиянның жолы кесілді

Алматы облысында ірі есірткі зертханасы жойылды, деп хабарлайды arainfo.kz

Алматы облысы, Қарасай ауданы – Ішкі істер министрлігі "Заң мен Тәртіп" қағидаты аясында жүзеге асырған арнайы операция нәтижесінде "Тұрар бақшасы" елдімекенінен жасырын синтетикалық есірткі зертханасы анықталып, оның қызметі тоқтатылды.

Операция Шу қаласынан Алматы облысына дейін "бақыланатын жеткізу" әдісімен жүргізілген. Нәтижесінде көрші елдің екі азаматы ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді.

Жедел шаралар барысында 11 келіден астам "мефедрон" есірткісі тәркіленді. Бұл – қара нарықта 1,6 миллион АҚШ долларына тең шамамен 35 мың бір реттік доза. Сонымен қатар, зертхананы тінту кезінде 20 литр және 115 кг психотроптық зат, екі тоннадан астам прекурсор тәркіленіп, ол заттардан 120 кг синтетикалық есірткі дайындау жоспарланғаны анықталды.

Жалпы алғанда, қылмыстық айналымға 17,5 миллион доллар көлемінде залал келтірілді. Ұсталған күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейірханның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.