Жамбыл облысында 200-ден аса оқушы «Ерке сылқым» күйін бір мезетте орындады
Жамбыл облысында Ұлттық Домбыра күні аясында күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың шығармашылығына арналған «Саз серісі – Әбдімомын» атты кеш өтті, деп хабарлайды arainfo.kz
Мерекелік шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым, партия өкілдері және өнерсүйер жұртшылық қатысты.
Кештің шымылдығы 200-ден аса мектеп оқушысының ұлттық өнердің мәңгілік жауһарына, өңірлік «брендке» айналған атақты «Ерке сылқым» күйін бір мезетте орындауымен ашылды.
Ербол Қарашөкеев Ұлттық Домбыра күні – тек мереке ғана емес, ұрпаққа үлгі, болашаққа бағдар екенін атап өтіп, жамбылдықтарды айтулы датамен құттықтады.
Кең ауқымды мерекелік іс-шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет», «Достық» ордендерінің иегері Әбдімомын Желдібаевтың танымал туындылары, сондай-ақ басқа да белгілі композиторлардың шығармалары орындалды.
Сондай-ақ осы күні «Әулиеата әуендері» атты аудиожазбаға енген жаңа шығармалардың тұсауы кесілді.
Көрермен қауым әуелеген ән мен күмбірлеген күйдің әсеріне бөленіп, ерекше көңіл-күймен тарқасты.
Айта кетейік, Тараз қаласы мен облыс аудандарында Ұлттық Домбыра күніне орай ұйымдастырылған тағылымды іс-шаралар легі жалғасуда.