Жамбылда 1 245 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала бар
Жамбылда 1 245 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала бар
Өскелең ұрпақ – жарқын болашақтың ең басты байлығы, асыл қазынасы, келешектің кепілі. Мұндай пікірді Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Досыбаева айтты.
Оның мәліметінше, салалық басқарма «Бала құқықтары туралы» халықаралық конвенция негізінде балалардың білім саласындағы құқықтарын қорғау жұмыстарын жүргізеді.
Айдын Орынбекқызының деректеріне қарағанда, бүгінде Жамбыл облысында 0-18 жас аралығындағы балалар саны 442 280-нің шамасын құрайды. Оның 1 245-і жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатына жатады. Бұл көрсеткіш былтыр 1 295 болған екен. 930-ы Тараз қаласы мен аудандардағы қорғаншылық пен қамқоршылықтағы жеткіншектер болса, 135-і патронаттық тәрбиедегі жасөспірімдер.
Ол кәмелетке толмаған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтау және оларды есепке алу мақсатында жүйелі шаралар қолға алынғанын атап өтті. Мәселен, биылдыққа осындай 120 бала анықталып, бастапқы есепке алынған. Олардың 78-і қорғаншылық пен қамқоршылыққа, 1-еуі патронаттық тәрбиеге беріліп, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелерге 34 бала орналастырылған. Соңғы күндері тағы 8 бала белгілі болып, отбасына орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айдын Досыбаева бала құқығын қорғау – қорғаншылық және қамқоршылық функцияларын жүзеге асыратын білім бөлімі жұмысының бірден-бір бағыты екенін де жеткізді. Қазіргі таңда аймақтағы мектепке дейінгі ұйымдар саны 570 болса, оларда 57 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленеді. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесі 1-6 жас аралығында – 91,5 %-ды, 2-6 жас аралығында – 94,1 %-ды, 3-6 жас аралығында толықтай қамтиды.
Айдын Орынбекқызының айтуынша, аймақта балалардың қосымша білім алуына ерекше назар аударылған. Мектептен тыс мекемелердің саны соңғы 3 жылда 4 бірлікке артқан. Оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында өңірдегі 78 мектептен тыс мекемеде 68 570 оқушы қосымша білім берумен қамтылған. Олар 60 мемлекеттік, 7 мемлекеттік емес мектептен тыс мекемелер мен 11 қала сыртындағы сауықтыру лагерлеріне барады. Қосымша біліммен қамтылған балалардың саны былтырғымен салыстырғанда 774-ке көбейген.
Ол осы оқу жылында ерекше білім алуды қажет ететін 7 898 бала анықталғанын атап өтті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалып отыр. Мұның ішінде 3 мыңнан астам баланың мүгедектігі бар. 3 398-і мектеп жасына дейінгі балалар, 4 500-і мектеп жасындағы балалар. Оның 5702-і біліммен және тәрбиемен қамтылған.
Спикер осы тұста балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де басты мәселе екендігін жеткізді. Облыстағы 443 мектептің, 438 балабақшаның барлығында бейнебақылау камералары орнатылған. Бейнебақылау камералары орнатылған 443 мектепте 9 296 дана бейнебақылау камерасы бар. Олардың 3 371-і ғимараттың сыртында, 5 925-і ғимараттың ішінде орналасқан. 65 мектепке турникеттер орнатылды, 137 білім ошағында «Дабыл түймелері» бар.